Тарихтың тауқыметті тарауы
Екі миллионға жуық қазақты қырып, кейбірін туған топырағынан ажыратқан ашаршылықтың өткеніне биыл 85 жыл толды. Сол ауыр кезеңдерде Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргін көріпті, 25 мыңнан астам кісі ату жазасына кесілді. Соның ішінде Қостанай облысынан 4 мың адам саяси қуғын-сүргін құрбанына айналған. Әдеткідей, қазақ тарихындағы қаралы жылдарды Қостанай қауымы да күрсініспен еске түсірді. Жеңіс саябағына барып, дәстүрлі митинг аясына жиналды.


– Халқымыздың басында қасіретті кезеңдер аз болған жоқ. Сол жылдардағы қанды оқиға жаңғырығы мәңгілікке ел жадында. Осыдан 80 жыл бұрын талай марқасқаларымыз саяси қуғын-сүргін құрбандары болып кете барды. Кейін Елбасы жарлығымен олардың бәрі ақталды. «Қарлаг» пен «Алжирдің» орнына музей ашылды. Осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған жандардың есімдерін мәңгі ұмытпаймыз. Ғылымда «тарихпен тәрбиелеу» деген қағида бар. Мұны жас ұрпаққа ұғындыруымыз керек, – деді Архимед Бегежанұлы.





– Мен сол «отыз жетінің» наурыз айында тудым. Әкем Кәдір сол жылдың бесінші маусымында тұтқындалып, «халық жауы» атанды. Ол аудандық қаржы бөлімінде қызмет істейтін. Жұмыс барысында берілген тапсырмаларды орындамай, өздігімен қаржылық шешім қабылдағаны үшін кінәлі болыпты. Сол уақыттағы «үштіктің» шешімі бойынша әкем «тыңшы» деп танылды. Бар машақатты анам көрді. Мені әкемнің туыстары Әбілқайыр мен Жәмилә тәрбиеледі. 14 жасқа толған соң комсомол қатарына кіруің керек. Ал мен «халық жауының» баласы ретінде құрамнан шеттетілдім, – деп еске алды ол.

Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков
Мына ескерткіш қайда орналасқан?
Қостанай қаласындағы “Жеңіс” саябағының ішінде орналасқан