“Қымызмұрындықта” бас қосты

Амангелді ауданында "Қымызмұрындық" мерекесі өтті. Н.Мейірманов атындағы орта мектеп ұжымы ұйымдастырған іс-шараға аудан әкімі Талғат Карбозов бастаған жергілікті билік өкілдері, мектеп дриекторлары мен ұстаздар қауымы, оқушылар және ауыл тұрғындары қатысты. Қымызмұрындық – қазақ халқының игі дәстүрлерінің бірі. Ертеде жер аяғы кеңіп, бие құлындап, желіге байланған тұста көптен көріспеген ағайын-туған сағынып, бірін-бірі «Қымызмұрындыққа» шақырысып, мәре-сәре болған. Бұл мерекеде өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, ұлттық ойындардан жарыс өткізген. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін әр ауылдан жеткізілген сары қымыздың дәмін татып, бағасын берген.
Этномерекені амангелділіктер жаңғыртып, өнер думаны мен спорт жарыстарын ұйымдастырды. Киіз үйлер тігіліп, бие-құлындар желіге байланды. Белгілі атбегі, шабандоз Томан Оңғарұлы мен оның жұбайы, ұстаз Шолпан Нәбиева көпшілікке қымыз баптау тәсілдерін түсіндіріп, іс жүзінде көрсетті. Сонымен қатар қымызмұрындықтың тарихы туралы ардагер ұстаз Жібек Сәбитқызы кеңірек баяндап берді. Жиналған жұрт киіз үй ішінде алғашқы сауылған қымыздан дәм татты. 
– Ата-бабаларымыздың салт-дәстүрін кейінгі ұрпаққа жеткізіп, оны насихаттау – бәріміздің парызымыз. Бабаларымыздан қалған салт-дәстүрімізді әрдайым осылай жалғастыра берейік. Ұлттық құндылығымыз туралы айтып жатқан осы ауылдың еңбек ардагерлері мен іс-шараны ұйымдастырып отырған осы мектеп ұжымына алғыс айтамын. Алдағы уақытта да осындай тағылымы мол игі істер жалғасын таба берсін, – деді аудан әкімі Талғат Карбозов.
Ауыл тұрғындары этномерекеден мәре-сәре болып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓