ЖЫЛДЫҢ ЖЕТІ ЖАҢАЛЫҒЫ

Тағы бір жыл тарих қойнауына жылыстағалы тұр. 2022 жыл ырысты, табысты, берекелі де мерекелі болды. Тобыл-Торғай өңірі үшін де ерекше оқиғалармен, елеулі өзгерістермен есте қалғалы отыр. Бүгін жыл айрығында солардың ең маңызды дегендерін екшеп алып, тағы бір естеріңізге салуды жөн көрдік.
 
Президент сайлауы өтті
Жылдың ең маңызды жаңалығы – Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы. Саяси дода 20 қарашада өтіп, қазақстандықтар алты кандидатқа дауыс берді. Орталық сайлау комитетінің мәліметінше, сайлауға ұзын саны 8,3 млн адам қатысқан. Науқанға Қостанай облысының тұрғындары да белсенді қатысты. Тобыл-Торғай өңірінен тіркеуге алынған сайлаушылардың 79,28 пайызы өз таңдауларын жасаған. Сайлау қорытындысында 6 456 392 дауыспен Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетіп, жеті жылға Президент болып сайланды. 26 қарашада ұлықтау рәсімі өтіп, Мемлекет басшысы ант қабылдады.
 
Ахаң тойы – Алаш тойы
Биыл Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді. Мерейтой әлемнің бірнеше елінде, сондай-ақ ұлы реформатордың туған жерінде тойланды. Халықаралық ғылыми конференциялар, мәдени-көпшілік іс-шаралар өтті. Атап айтқанда, Жангелдин ауданында ұлан асыр той жасалып, мәдени-көпшілік, рухани, спорттық іс-шаралар, ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды. Жангелдин ауданында ескерткіш орнатылып, музей жаңартылып, Ақкөл ауылында туған үйі музей-үй болып қайта салынып, кесенесі тұрғызылды. Ахаңның кіндік қаны тамған елді мекенге баратын жолдың бір бөлігі алғаш рет асфальтталып, ауыл іші абаттандырылды. Алматыда рухани көсемнің еңселі ескерткіші бой көтерді. Қостанай халықаралық әуежайына және Рудный қаласындағы №19 мектепке Ахмет атамыздың есімі берілді.
 
Облыста жаңа басшы
Биыл Қостанай облысының әкімі ауысты. Өңір басшысы болып, Архимед Мұхамбетовтің орнына Құмар Ақсақалов тағайындалды. Жаңа әкім осы аймақтың тумасы. Ол 1965 жылы Ұзынкөл ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын Сарыкөлде бастап, Бейімбет Майлин және Меңдіқара аудандарын басқарды. Елдің оңтүстік, орталық және солтүстік өңірлерінде басшылық қызмет атқарған.
«Туған жерімді дамыту үшін орталарыңызға оралғаныма қуаныштымын. Жерлестеріммен тығыз қарым-қатынас орнататыныма, іскер азаматтардың қолдауына сенемін! Бар білімім мен тәжірибемді туған өлкемді дамытуға жұмсамақпын. Ісіміз оңынан болғай!» – деді ол облыс әкімі болып тағайындалған соң.
 
 
Ғасыр жасаған басылым
Биыл облыстық «Қостанай таңы» газетінің құрылғанынан 100 жыл толды. Бұл басылымды алғаш рет қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі Мұхамеджан Сералин мен көрнекті жазушы Бейімбет Майлин «Ауыл» атауымен 1922 жылы ашқаны тарихтан мәлім. Үнпарақтың атауы осы уақыт бедерінде сегіз рет өзгеріп, облыстағы қазақ баспасөзінің қарашаңырағында ұлт маңдайына біткен көптеген тұлға қызмет етті. Тарихы терең, шежіресі бай басылым ғасырлық мерейтойын өз деңгейінде атап өтті. Түрлі тағылымды іс-шаралар ұйымдастырды. Газеттің кешегісі мен бүгінінен кең мағлұмат беретін кітап басылып шықты. Облыс көлемінде әртүрлі рухани жиын-кездесулер ұйымдастырылып, мерейтойлық медальдар әзірленді. Торқалы тойға құрметті қонақтар шақырылып, мазмұнды мәжілістер өтті.
Тағы бір айта кетерлігі, осы жылы «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы ауысты. Бұрынғы басшы Жанұзақ Аязбеков құрметті еңбек демалысына шығып, редакция тізгінін Кенжеш Аманова ұстады. Кенжеш ханым– газет тарихындағы алғашқы әйел редактор.
 
Мерейтойлы жыл
 Биыл көрнекті қайраткер, ақын, тұңғыш журналист Мұхамеджан Сералиннің де туғанына 150 жыл толды. Бұл айтулы датаға орай облыс көлемінде түрлі рухани іс-шара өтті. Тұлғаның туған өңірі Қарабалық ауданында ұрпақтарының, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен мерейтойлық жиындар ұйымдастырылды. Аудан әкімдігінің қолдауымен «Қостанай таңы» газеті «Қазақ үшін жүрек майын шам қылған» атты облыстық жазба айтыс өткізді. Сералиннің «Топжарған», «Гүлһашима» поэмалары орыс тіліне аударылды.
Сондай-ақ, қазақтың ғажап ақыны Сырбай Мәуленовтің 100 жылдығы да ескерусіз қалмады. Облыстық деңгейде ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттауға арналған республикалық конференция, өңірлік байқаулар өтті.
 Белгілі жазушы, драматург Төлен Әбдіктің 80 жылдығы да туған жерінде аталып өтті. Қаламгердің өзінің қатысуымен шығармашылық кеші ұйымдастырылды. І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында оның «Өтелмеген парыз» атты қойылымы сахналанды.
 
Қысқа мерзімде жаңа аудан бой көтерді
Биыл Әулиекөл ауданындағы алапат өрт елді дүр сілкіндірген еді. Аманқарағай ауылында он күнге ұласқан тілсіз жау әлегі жүздеген отбасыны баспанасынан, дүние-мүлкінен айырды. Осы төтенше жағдайға байланысты Президент Қ.Тоқаев шұғыл тапсырма беріп, жапа шеккен адамдарға тез арада үй салып беруді міндеттеген болатын. Оған республикалық қазынадан 2,7 млрд теңге бөлінді. Әулиекөл кентінің түбінен 12 гектар жер белгіленіп, 13 мердігер ұйым құрылыс жұмыстарына кірісті. Айналасы 1,5 айдың ішінде 91 үй салынып бітіп, тұрғындарға республика күні қарсаңында пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде салынған су жаңа ауданға «Бірлік» деген атау берілді.
 
Ақ күмбез астығы асқар боп өрлеген…
Биыл диқандар мықтағанда былтырғыдан 1 млн тонна артық өнім аламыз деп болжаған еді. Нәтиже жорамалды межеден әлдеқайда асып түсті. Оған жауын-шашынның мол түсуі себеп болды.
Сонымен, биылғы орақ маусымында 3,957 млн гектар алқаптан 5 млн 21 мың тонна астық жиналды. 2021 жылы қамбаға 3,16 млн тонна бидай бастырылған еді. Былтыр, расында, шығым аз, шығын көбірек болған. Ал осы жылы диқандардың маңдай тері өтелді. Орта есеппен, әр гектардан 11,7 центнер өнім алынды. Былтыр ол 7,5 центнерден аспаған болатын.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓