Науқан аяқталуға таяу
Қостанай облысында көктемгі егіс жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Бүгінгі таңда өңір диқандары 90% егіс алқабына дән сіңірген. Ауыл шаруашылығы мамандарының сөзінше, үстіміздегі жылы шаруалар 5 млн гектарға жуық алқапқа дән сеппек. Мемлекеттің ауыл шаруашылығы саласын қолдауы арқасында шаруалардың көп мәселесі шешімін тауып, табысы жылдан-жылға артып келеді.
Мәселен, биыл Қостанай өңірінде өсімдік шаруашылығына – 11 млрд, мал шаруашылығын дамытуға – 6 млрд 300 млн теңге бағытталса, 13 млрд 900 млн теңге мемлекеттік қолдаудың өзге де тетіктерін пайдалануға негізделген.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге Тобыл өңіріне 71 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Барлық материалды-техникалық және қаржылық мүмкіндіктер егіс науқанын оңтайлы мерзімде іске асыруға жұмсалды. Биыл дала жұмыстарына 25 мың 600 трактор, өнімділігі жоғары 1100 егіс кешені, 22 мың тұқым сепкіш тартылды. Жалпы, тұқымның 80 пайыздан артығы жоғары сортты. Бұл бидай сапасын жақсартуға мүмкіндік беретінін айтады тәжірибелі диқандар.