Талқыда – тіл мәселесі
Бүгін "Қазақ тілі" қоғамының Қостанай облысындағы филиалында алқалы жиын өтті. Қоғамдық ұйым мүшелері қатысқан отырыста филиал төрағасы Заңғар Санай атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, алдағы уақытқа құрылып отырған жоспарларды жария етті. Оның айтуынша, ұйым жұмысын ширата түсу үшін Қостанайдағы көптеген құзырлы мекемелермен әріптестік меморандумдарына қол қойылған. Тіл мүддесі жолында қызметтес болуға ниет білдірген ұйым басшыларының қатары көбейіп келеді екен. Жиын барысында ұсыныс-пікірлер ортаға салынып, алға қойылған мақсат-міндеттер пысықталды. Айта кету керек, осы отырыс аясында журналист, ақын, тіл жанашыры Аслан Қанғожин облыстық филиал төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Сондай-ақ, руханият саласында еңбектеніп жүрген бірқатар белсенді азамат ұйым мүшелігіне қабылданды. Жиналысқа облыс өңірлеріндегі филиал өкілдері онлайн режимінде қатысып, толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-тілектерін ортаға салды.