Шота ОСПАНОВ: “Торғайды түлету өз қолымызда”

Торғай өңірі ежелден төрт түлікке төр болған құтты мекен. Соңғы жылдары мұнда мал басы көбейді. Жергілікті тұрғындар атакәсіпті қайта жаңғыртып, түлікті өз төлінен көбейтуге басымдық беріп отыр. Әсіресе, Жанкелдин ауданында қара мал мен жылқының саны артқан. Бұған мемлекеттік бағдарламалардың тигізген септігі көп. Жергілікті тұрғындардың арасында мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алып, мал өсіремін деушілердің қарасы қалың. Бұл шалғай өңірдегі экономикалық һәм әлеуметтік ахуалдың жақсаруына ықпал етері даусыз.  Аудандағы өткен он айдың көрсеткіші кісі қуантарлық. Бұл туралы аудан  әкімі Шота Оспанов әңгімелеп берді.
 
                                        Төрт түлік көбейсе, табыс молаяды
Он айдың ішінде  аудан экономикасына құйылған инвестиция көлемі 1 млрд 737 млн теңгеге жеткен. Оның 20%-і кәсіпорындар мен азаматтардың еншісіне тиесілі. Қаражаттың басым бөлігі ауылшаруашылығы техникаларын жаңартуға, тұрғын үйлер құрылысына, шаруа қожалықтарындағы қора-жайлар салуға, инфрақұрылымды дамытуға жұмсалған. Аудан әкімінің айтуынша, өңірде есепті кезеңде 96 млн 500 мың теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп,  бөлшек сауда айналымы 287 млн теңгеге ұлғайған. Аудан экономикасының негізгі саласы  – ауыл шаруашылығы өндірісінде 19 млрд  320,5 млн.теңгенің өнімі өндірілді.  Бұл – қомақты табыс. Табыс демекші, биыл ауданда түйе, қой-ешкі өз алдына, ірі қара 45 326-ға, жылқы 14 415-ке өскен.
-Төрт түлік  көбейсе, табыс молаяды.  Биыл аудандағы  шаруа қожалықтары өз қаражаты есебінен  төрт жаңа  трактор сатып алса, "ҚазАгроҚаржы" АҚ арқылы лизингке 16 трактор тағы  алды. Мәселен,  "Әсет" ШҚ "ESSIL КЗС-740" маркалы астық жинайтын комбайнын, "Касенов Т.Ғ" ШҚ К-742 (Кировец) маркалы тракторын және VECTOR 410KZ астық жинайтын комбайнын сатып алды. Ауданымызға қомақты инвестиция құйып отырған тағы бір шаруа қожалығы – Артем  Косымовтың  иелігіндегі  "Үш жүз"  шаруа қожалығы соңғы үш жылда өз қаражатына 3 жаңа трактор мен  пресс алды. Соның арқасында еңбек өнімділігі артты. Мәселен, аудан диқандары әр гектардан 9 центнерден, майлы дақылдар алқабынан 8 центнерден өнім жинады. Бұл біздің аудан үшін елеулі көрсеткіш,-дейді Шота Сәбитбекұлы.
 
                                                         Жол – күретамыр
Шалғай аудан үшін жол қатынасы қашанда өзекті. Осыны ескерген аудан басшылары  өмір сапасын арттыруға бағытталған бірнеше инфрақұрылымдық жобаны қолға алды. Мәселен, Көкалат-Көлқамыс автокөлік жолының құрылысына 1 млдр. 014 млн.  теңге  бөлініп,  "Алюминстрой"  ЖШС – мен келісім-шарт жасалды. Жоба 2023 жыл ел игілігіне айналмақ. Сондай-ақ, Шұбалаң-Қарасу күрежолының 26.4 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нысан қараша айында іске қосылды. Аталаған жолдын бойындағы Торғай өзені арқылы өтетін көпірдің күрделі жөндеу жұмыстарына 200,8 млн теңге бағытталды. Аудан орталығындағы бес  көшеге асфальт төселді. Сужарған ауылында бір  көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өңір басшысының айтуынша, мұндай ауқымды жұмыстар келесі жылы да жалғаспақ. Өйткені, ауылдар мен аудан орталығын жалғап жатқан жолдардың  әбден тозығы жеткен. Кей жол тіпті, жүруге жарамсыз. 
 
                                          "Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз"
-Аудан орталығындағы А. Байтұрсынұлы мен М. Дулатұлы әдеби музейіне 33 млн. 600 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар,  осы музейге  реэкспозиция жұмыстарына 170,5 млн теңге бөлінді. Ахмет пен Міржақыпқа  «Здоровтье.Qost» қоғамдық қорының демеушілігімен еңселі ескерткіш қойылды. 2022 жылы Ақкөл және А. Байтұрсынұлы ауылдарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін "Шөптікөл" қоныс орнында діңгек-антенна орнаттық. Қазіргі уақытта екі ауылдың тұрғындары жоғары жылдамдықты интернеттің игілігін көріп отыр. Ахаң ауылында даңқты жерлесіміздің музей-үйі бой көтерді. Жаңадан медициналық пункт пайдалануға берілді. Ал, іргедегі Шеген ауылында сумен жабдықтау жүйесі құрылысы басталды. Оған Ұлттық қор есебінен 145 млн 753 мың теңге, облыстық бюджеттен 16 млн. 195 мың теңге бөлінді. Нысан келесі жылы іске қосылады. Жалпы, он  айдың ішінде құрлыс жұмыстарына 2 млрд 148 млн теңге жұмсалды. Яғни, есепті кезеңмен салыстырғанда бөлінген қаржы көлемі 1,8 есеге артты.  969 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл М.Дулатов, Аманкелді және Албарбөгет жалпы білім беретін мектептеріне орта деңгейлі жөндеу жұмыстары жүргізілді. "Ауыл-ел бесігі!" бағдарламасының шеңберінде Қ.Топаев атындағы мектеп басынан-аяқ қайта жаңартылды,-дейді Шота Оспанов.
 
                                                  Медицина мамандары қат
Биыл өңірге  "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен  жиырма алты жас маман келген. Оларға сегіз млн теңгеге жуық көтерме жәрдемақы төленіп, тоғыз маманға маманға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие берілді. Торғайға келген жас мамандардың ішінде дәрігерлер де бар. Бірақ, мұнымен маман тапшылығы жойылған жоқ. Шота Оспанов ауданға акушер-гинеколог,терапевт, хирург,фтизиатр, рентгенолог тәрізді   жоғары  білімді  дәрігерлер жетіспейтіндігін алға тартты. Сондай-ақ,  Шилі, Шеген, Милісай ауылдарындағы  медициналық  пункттерге фельдшерлер қажет. Бүгінгі таңда аудан  тұрғындарына он жеті  мед.пункт, екі  ФАП,  жиырма алты төсектік  аудандық  аурухана, отыз төсектік  күндізгі  стационар медициналық көмек көрсетеді. Оларда тоғыз жоғары  білімді  дәрігер, алпыс бес  орта  буын медицина  қызметкерлері  еңбек етеді. Сөз орайы келгенде аудан басшысы Торғайда жұмыс істегісі келетін жас мамандарға лайықты жағдай жасалатындығын қадап айтты.
 
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ, Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓