“Әулиекөл” газетіне – 90 жыл
Сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының орта кезінде "Жеңіс туы" газетін мектеп жасынан қызығып оқитынмын. Сол кездегі Әулиекөл аудандық газеті қос тілде – қазақша "Жеңіс туы", орысша "Знамя Победы" деп аталатын. Мен жетінші сыныпта оқып жүргенде-ақ осы басылымға ана тілімде қысқаша хабарлар жазып тұратынмын.
Арада алпыс жылға жуық уақыт өтті. Бүгінде "Әулиекөл" газеті біріктірілген, мақалалар қос тілде жарияланады.
Биыл тоқсан жылдық мерейтойын атап өткелі отырған газет ұжымына айтылар алғыс шексіз. Басылым бұрынғы қалыбын сақтай отырып, заман талабына сай жариялануда.
– Мен өзім тек орыс тілінде ғана жазамын. Инна Каплина да орыс тілінде жазатын қаламгер. Мемлекеттік тілдегі мақалаларды Жұмакүл Сыздықова апай жалғыз өзі жазып, өзі іріктейді, – дейді басылым басшысы Шыңғыс Сабыров.
Жұмакүлдің еңбексүйгіштігіне менің өзім де тәнтімін. Айына, жылына газет редакциясына барғанымда Жұмакүл қарындасымыз компьютерден басын алмай отырады. Жұмакүл Сыздықова ширек ғасыр бұрын аталмыш газетке машинистка болып қабылданған екен.
Жас тілші Инна Каплина да тәжірибе жинақтап, аудандағы игі шаралар туралы уақытылы оқырманға хабарлауға құлшынып тұратын қаламгер.
Газеттің бір санындағы мақалалар мен шағын хабарлар, фотосуреттер санын есептегенде қырықтан асып кетті. Үш қызметкердің мұнша жазылымдарды шоғырландыруы олардың ізденімпаздығына, өздерінің қызметіне сүйіспеншілігіне байланысты екені айдан анық.
Ермекбай Хасенов,
"Қостанай таңы" газетінің ардагер журналисі.