Берекеті мол «Бақытты отбасы»
Елімізде мыңдаған қазақстандық шаңырақ үшін баспана мәселесін шешіп бере алатын мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның бірі табысы төмен отбасыларды несиелендіруге арналған "Бақытты отбасы" бағдарламасы осыдан екі жыл бұрын жұмысын бастаған болатын.
Осындай мүмкіндікке ие болғандардың қатарында Лисаков қаласындағы Бағдәулет Бешей мен Сұңқар Мұратқызының отбасы бар. Ерлі-зайыптылардың кеншілер қаласында тұрғанына он жылдан асса да, баспанаға былтыр қол жеткізіп отыр. Ал жеңілдетілген бағдарлама бойынша пәтер алуға кезекке отырғандарына да көп болмапты.
Лисаков қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен газетке ақпарат бе-ріліп, "Бақытты отбасы" деген жеңілдетілген бағдарлама шыққаны туралы оқып біледі. Үйдің кезегінде тұрған көп балалы отбасыларға, әлеуметтік аз қамтылған, жалғызбасты жандарға арналған бұл бағдарламаның тиімділігі қызықтырғаны рас. Толығырақ танысқаннан кейін қалалық әкімдікке барып, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" бағыт қағазын алған отбасы өтініш беріп көрген екен.
– Біз пәтер алардан бұрын Лисаков қалалық әкімдігіне тұрғын үй кезегіне тіркелдік. Ал, 2019 жылы Ел Президенті өз Жолдауында "Бақытты отбасы" бағдарламасын ұсынып, оны үкіметке тез арада орындауды тапсырды. Сондықтан көп балалы отбасы ретінде көп қабатты үйден пәтер берілетін болды. Құжаттарымызды жинастырып, осы бағдарламаға тапсырып көрдік. Артынша әкімдіктен "сіздердің үй алуға мүмкіндіктеріңіз бар" деген хабарлама келді. 7 миллион теңгенің көлемінде баспана алуға болады екен. Бастапқыда жаңадан салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйден пәтер тиеді деп ойлағанбыз. Бірақ екінші деңгейлі баспана алуға мүмкіндік келді. Сол бойынша құжаттарымызды рәсімдеп, үй іздеуге кірістік. Көп уақыт жүріп қалдық. Алғашқы жарнамызға үйдің құнының 10 пайызын төлеу үшін ақша болмады. Әкімдікке жағдайымызды айтып едік, ешқандай көмек болған жоқ. Ал, пәтерлі болу үшін әуелі оның алғашқы жарнасын төлеуге жұбайымның жұмыс орны "Қазақстан Алюминийі" АҚ көмектесті. Айлығынан алып отыратын қылып 580 мың теңге қаржылай көмек берді, – дейді отанасы Сұңқар Мұратқызы.
Осылайша, көп балалы отбасы Лисаковтың 3 ықшам ауданынан 64 шаршы метрлі үш бөлмелі пәтерге ие болып отыр. Сұңқар Мұратқызының өзі кеншілер қаласындағы мектеп-гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Жұбайы Бағдәулет Бешейұлы "Қазақстан Алюминийі" АҚ КБКБ-нің машинисі.
Кейіпкеріміз "Бақытты отбасын" жеңіл жолмен алуға болатын өте қолайлы бағдарлама деп санайды. Пайызы да, алғашқы жарнасының төлемі де аз. Ол балалары бар жанұялар үшін өте тиімді әрі қаражат жағынан да салмақ салмайды. Әрі баспананы жеті жылға ғана несиеге аласыз. Шарттары өте тиімді. Бұл да үкіметтің жасаған бағдарламасының пайдасы. Әйтпесе, мұндай отбасылар ипотекамен үй алса, ұзақ жыл бойы пайызын жоғары төлеп отыратын еді.
– Бағдарламаның қолайлығы – пайызында. Ай сайын 33 мың салсақ, 22 мыңы депозитке түсіп отырады екен. Осындай көп балалы отбасыларға арналған бағдарламаны ұсынған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа алғысымыз шексіз. Елімізде осы сынды бағдарламалар көбірек болса, баспанасыз жүрген жандарға үлкен мүмкіндік болар еді, – деді Сұңқар Мұратқызы.
Айта кетейік, бағдарламаның ерекшелігі қарыз алушының жалақысы төмен болған жағдайда туған-туыстарын заем беруші ретінде тартуға рұқсат беріледі. Мәселен, тұрғын үйге мұқтаж жандардың арасында балабақшаларда санитар, медбике, тәрбиеші болып жұмыс істей-тіндер бар. Олардың табысы көп емес, бірақ еңбекақысын тұрақты түрде алып отырады. Аталған жеңілдік дәл осындай жандардың баспана мәселесін шешуіне таптырмайды.
Лисаков қаласы.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.