Жұмыссыздық азаяды
Жыл басынан бері облыста 9,7 адам жұмыспен қамту мекемелерінің көмегіне жүгінген. Олардың 91%-і – жұмысқа тұруға өтініш білдірушілер. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген аппарат мәжілісінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова баяндап берді.
Оның айтуынша, 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы өңірде сәтті жүзеге асып жатыр. Бағдарламаға қатысушылардың дені – әйелдер. Оның ішінде көп балалы аналар да бар. Бүгінгі таңда 1617 адам қысқа мерзімді курстарда оқып жатыр. Олар курс аяқталысымен жұмысқа орналастырылатын болады.
– Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 6333 адам тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жіберілді. Мәселен, еңбекке тартылған 6 мың адамның 52,9%-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Жалпы, өңірде жұмыссыздықты азайту үшін өтініш білдірген жандарды қолдан келгенше тұрақты жұмысқа орналастырған жөн. Әсіресе, Арқалық қаласында, Жанкелдин, Наурызым, Таран аудандары тәрізді бірқатар өңірде бұған баса назар аудару керек, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова.
Облыста көп балалы отбасыларды қолдауға бағытталған "Бақытты отбасы" жобасы қолға алынған. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің тапсырмасымен аудандар мен қалаларда көп балалы, тұрмысы төмен отбасылардың шамамен 30%-ін қоғамдық жұмыстарға тарту тәуір нәтижеге ие. Үстіміздегі жылы 2006 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Оның 339-ы немесе 16,9% -ы – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы мүшелері.
Еңбек ресурстарын жетілдіру мақсатында еліміздің оңтүстік, батыс өңірлерінен қоныс аударушыларды қабылдау квотасы 35,5%-ке, оралмандарды қабылдау квотасы 86,8%-ке орындалды. Астықты өңірге көшіп келушілердің 105-і жұмысқа орналастырылған. Үш адам қайта даярлау курстарынан және жеті адам "Бастау Бизнес" жобасы бойынша оқып жатыр. Ал Тобыл төсінен тұрақ тапқан 272 оралманның 188-і еңбекке араласты. Жеті адам қайта даярлау курстарында дәріс алып жүр.
Облыс әкімі Архмед Мұхамбетов өзге облыстардан көшіп келушілерді, оралмандарды еңбекке араластыру мәселесі аудандар мен қалаларда нақты көрініс табуы қажет деді. Бұл ретте өңір басшысы аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді.
Әлібек ЫБЫРАЙ