Жастар мәселесі талқыланды

Қостанайда «Nur Otan» партиясы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі өңірлік кеңестің бірінші отырысы өтті.
Қостанай облыстық мәслихатының депутаты, «Агромашхолдинг KZ» ЖШС бірінші вице-президенті Динара Шүкижанованың төрағалығымен өткен кеңеске жастар көшбасшылары, білім, мәдениет, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, журналистер мен блогерлер қатысты.
Оның барысында кеңестің негізгі міндеттері мен жоспарлары, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мәселелері, өңірдегі студенттік жатақханалар мониторингінің қорытындылары қаралды.
Сонымен қатар, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының іске асыру мәселелері бойынша облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Ольга Попова хабарлады. Осы мәселе аясында кеңес мүшелері Ольга Андреевнаға өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты.
Және «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» – «Серпін» жобасын іске асыру мәселелері бойынша облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әсет Айсин және А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің проректоры Азамат Исабаев сөз сөйледі. Олар осы жоба аясында білім алған студенттерді жұмысқа орналастыру көрсеткіштері туралы хабардар етті.
Сондай-ақ, «Jas Otan» ЖҚ аймақтық филиалының төрағасы Абай Жүсіпов жатақхана мониторингінің қорытындыларына тоқталды. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың наурыз-сәуір айларында жасотандықтар мемлекеттік органдармен бірлесіп, өңірдегі 22 жатақханаға рейд жүргезген. Нәтижесінде, Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің жатақханасына шатырды жөндеу және Қостанай педагогикалық колледжінің жатақханасына күрделі жөндеу қажет екені анықталды.
Отырыста мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды жетілдіруге қатысты ұсыныстар айтылды, сондай-ақ кеңес мүшелері жастарға арналған нысандар бойынша рейдтер өткізуді, жастармен диалог құруды жоспарлап отыр. Кеңес партияның сайлауалды бағдарламасының «Болашағына сенімді жастар» бағыты мен «Жастар-Отанға!» бағдарламасының сапалы жүзеге асыруына бақылау жүргізіп, мемлекеттік жастар саясатын жетілдіруге жәрдемдесетін болады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓