Өңір басшысы іс сапармен Қостанай ауданында болды
Бүгін жаңа жылдың қарсаңында өңір басшысы Нұралы Садуақасов Қостанай ауданына іс сапармен барып, бірнеше әлеуметтік нысандарды аралап қайтты.

– Бұл ауылдың жағдайы маған таныс. Кезінде аудан әкімі қызметінде жүргенде бірнеше рет осы ауылда болғанмын. Газ, су жүйесімен қамтылған ауылдың хал-ахуалы қалай жаман болмақ,– деп Нұралы Садуақасов білім ордасының жайына ауысты
. – Мектеп қазіргі талаптарға сай жабдықталыпты да. Осындай мектепте оқитын Сіздердің (оқушыларды айтып отыр – автор) сабақ үлгірімдерің енді қалай төмендемек?!– деп өңір басшысы бірнеше кабинеттерге кіріп, жөндеу жұмысына көңілі толатындығын айтты.

Содан кейін мектеп асханасында болып, ас мәзірімен танысып, балаларды тамақтандыруда астың сапалылығына мұқият көңіл бөлу керектігін жеткізді.
Одан әрі жақында ғана салынған сужаңа ауылдық амбулаторияға барып, ондағы жағдаймен танысты. Айналдырған 4-5 айдың ішінде құрылыс біткен ауылдық амбулатория барлық талаптарға сай екен. Мердігері «Стройметсервис-2007» ЖШС-нің директоры Сергей Бектібаев екен. Құрамында 9 адамнан тұратын бұл нысанға 118 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Күніне 25 адамды қабылдай алатын амбулатория қазір ел игілігіне қызмет етуде. Бұған жергілікті тұрғындар да дән риза.

Дәл осындай нысандар Садчиковка ауылында да тұрғызылып, жаңартылыпты. Бұған оқушылар мен жергілікті тұрғындар риясыз қуаныштарын жасырмай айтуда. Бұл сапарында Нұралы Садуақасов мектептің Жаңа жыл мерекесіне қатысып, кішкентай балғындардың қойылымын тамашалады. Содан соң Мичурин ауылында болып, мұнда да жаңадан салынған ауыл амбулаториясын көрді.
Өңір басшысы қай сапарында болмасын, білім ордаларына 500 мың теңгенің сертификатын табыстап, бүлдіршіндерге сыйлықтар үлестірді.
Нұрболат Мешітбаев