Қауіп діни экстремизмнен
Ел арасында діни сауаттылықты арттыру мақсатында Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының жанынан құрылған республикалық ақпараттық-насихат топтары бүгінде еліміздің әр аймағында болып, дәстүрлі ислам дінінің құндылықтары мен теріс діни ағымдардың әрекетінен сақтанудың жолдары жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Арнайы топ өкілдерінің бір бөлігі іссапармен Қостанай қаласына келіп, қазіргі таңда өзекті мәселелердің біріне айналған "Лаңкестік және экстремизммен күрестің болашақ үшін маңызы" тақырыбында әңгіме қозғады. Ақпараттық-насихат топ құрамында Қарағанды облысынан келген дінтанушы, теолог Рүстем Сыздықов, облыстық Марал ишан мешітінің наиб имамы Бақытжан Икрамұлы және Қостанай облыстық дін істері басқармасының бас маманы Сапарғали Әбдиев, қала-аудан имамдары, ғалымдар, дін өкілдері болды.
Толстой атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада өткен кезекті кездесуге деструктивті ағымдардан зардап шеккендерге көмек орталығының жетекшісі Ю.Калюжная, қала-аудандардың имамдары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Басқосуды Қостанай облыстық дін істері басқармасының бас маманы Сапарғали Әбдиев ашып, қонақтың қаламызға келудегі мақсатын таныстырды. Одан әрі сөз кезегін алған Рүстем Сыздықов еліміздегі діни ахуалға кеңінен тоқталып, жат ағымдардың әрекетінен қалай сақтану керектігін және олардың белгілерін атап өтті.
– Ислам діні қашанда адамның абыройы мен ар-ожданын бәрінен де жоғары қойып, отбасы мен қоғам бірлігін, ынтымағын сақтауға күш салады, барлық тіршілік иесінің бір де біреуіне қиянаттың жасалмауын қалайды. Ислам дінінің басты мұраттарының бірі – адамдар арасында бейбіт қарым-қатынас орнатып, тату-тәтті өмір сүру. Ислам дінінде "экстремизм" мен "терроризм" деген түсінік жоқ. Бүгінгі таңда ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан, дәстүрлі ислам дінінен бейхабар кейбір жастарымыз теріс діни ағымдардың жетегінде кетіп жатқаны баршаға аян. Бірте-бірте тамыр жайып, елімізге келіп жатқан басқа діни ағымдардың көздеген мақсаттары – мемлекетіміздің тыныштығын бұзу, халық арасында іріткі салу. Сондықтан, дәстүрлі емес діни топтардың таралуына тосқауыл қою және азаматтардың діни сауаттылығын арттыру бағытында тек дін өкілдері ғана емес, жалпы қоғам болып жұмыла атсалысуымыз қажет, – деді дінтанушы.
Кездесу барысында жиналған қауымға "Әхли-сүннет уәл-жамағат ақидасы және оның адасқан ағымдардың ақидасынан ерекшелігі" тақырыбында бейнебаян көрсетілді. Осылайша жиында кейбір діни ұйымдардың экстремизмге қатысты мәселелерін айқындау, оның шешімін табу жолдарын қарастыру жайы талқыланып, жат ағымдардың іс-әрекеті мен арам пиғылының себептері мысалдар арқылы көпшілікке түсіндірілді.
Шұға
ҚОҢҚАБАЙ