Зейнетақы мен жәрдемақы қашан өседі?
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министр Тамара Дүйсенова зейнетақы мен жәрдемақылардың қашаннан бастап өсетінін айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қазір біз 1 қаңтардан бастап 9 пайызға өсіріп жатырмыз. 1 шілдеден тағы 11 пайызға өседі, жалпы жыл бойынша 20 пайыз болады. Жаңа туған сәби үшін берілетін жәрдемақылар 1 қаңтардан 7 пайызға, ал 1 шілдеден 13 пайызға өседі. Жалпы 20 пайыз болады. Мұнда мәселе еңбек зейнетақысы жайлы. Базалық зейнетақы бойынша, өздеріңіз білесіздер, біз 2018 жылдың 1 шілдесінен базалық зейнетақы тағайындау механизмін өзгертіп жатырмыз, ол ең төменгі күнкөріс шегі мен еңбек өтіліне байланысты болады", – деді Тамара Дүйсенова үкімет отырысының үзілісінде.
Министр төлемдерге 90 миллиард теңге жұмсалатынын айтты. "Бізде 2 миллион адам зейнеткер және шамамен 300-400 мың бала бар", – деді министр Дүйсенова.
Еске салайық, 15 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев зейнетақы мен бала босанған кезде берілетін жәрдемақыны өсіруді тапсырған болатын.