Ардагерлер Таран ауданын аралады

"Ата" қоғамдық қоры Қостанай қаласындағы соғыс және еңбек ардагерлеріне жасалатын қамқорлық шеңберін кеңейтіп келеді. Таяуда ғана бір топ қарияларды Әулиекөлге алып барған еді. Өткен аптадағы сапар Таран ауданына арналды. "ТТS" жайлы автобусына мінген ақсақалдар жол бойы өзара қызу әңгімелесіп, естеліктер айтты.
Тарановка, Варваринка от 05.06.14Леонид Лемперт, Леонид Мееров, Жандарбек Сейітов және басқалар Таран ауданында еңбек жолын қалай бастағаны туралы тілге тиек етті. Аудан әкімінің орынбасары Асыл Қалиев жол ортасында қарсы алды. Оның жанындағы ұлттық киім киген қыздар шашу шашып, өнерпаздар ән шырқады. Таранға жеткенге дейін Асыл Аманжолұлы ауданның тарихына қысқаша шолу жасады. Таран ауданының ауыл шаруашылығы ғана емес, өнеркәсібі де заман талабына сай дамыған. Асыл Қалиев қонақтарды Варварин елді мекеніне алып келді. Мұндағы "Полиметалл" кәсіпорны алтын өндіреді. Қонақтарды жылы жүзбен қарсы алған аудан әкімі Бақберген Өтеулин осы кәсіпорын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең сезінетінін айтты. Сонымен қоса ауданда егіншілік пен мал шаруашылығы да тиісінше дамып отырғанына тоқталды. – Көркем сөздің шебері Бейімбет Майлиннің ұрпақтары халық игілігі үшін аянбай еңбек етуде. Әсіресе, жастар аталар дәстүрі-не берік, – дейді Бақберген Қасымұлы. Бақберген Өтеулин өзінің еңбек жолын Таран ауданында бастаған. Институтта жоғары білім алғасын ауылда еңбек етуге бел байлады. Шаруашылықтың орта буын басшылығынан жоғарылап өсе берді. Көршілес Қамысты ауданында әкім болып істегенде ізденімпаздығымен көзге ілікті. Облыс басшылары Таран ауданының экономикасын өрге бастыру үшін оны осы ауданға әкім етіп ауыстырды. – Мамандардың көпшілігімен жасымнан таныспын. Солармен жауапты мәселелерді талқылап, бірге шешім қабылдаймын. Шағын және орта кәсіпкерліктің қанатын кеңейтуге ерекше мән береміз, – дейді Бақберген Өтеу-лин. Қонақтар Варваринге келгенде кен орны карьерінің тыныс тіршілігімен танысты. Мұнда жұмыс тәулік бойы тоқтатылмайды. Себебі, алып экскаваторлар және басқа техникалар үзіліссіз жұмыс істеуге тиіс. Мамандардың айтуынша, карьерде жұмыс істеу оңай емес. Еңбек қауіпсіздігін сақтау күн тәртібіне қойылған. Ұжымдағы жеті жүзден астам адамға әлеуметтік, тұрмыстық жағдай тиісінше жасалған. Жұмысшылар вахталық жүйемен он бес күн жұмыс істеп, сосын демалады. Кадрлар бұрын көршілес елдерден, облыстардан шақырылса, енді Таран ауданынан іріктеледі. Ардагерлер аудан орталығындағы балабақшасына да ат басын бұрды. Сәбилер ата-әжелерді ән шырқап, қарсы алды. Балабақшаға "Ата" қоры атынан кілем сыйлыққа берілді.
Ермекбай ХАСЕНОВ
Суреттерді түсірген автор.
Коллажды жасаған: Денис Власенко.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓