Түлектердің салтанатты мектеп бітіру кеші
Қостанайда үстіміздегі жылғы 18 маусымында өтетін болады.
Бұл датаны мектеп бітіретін түлектер үшін бірыңғай етіп, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі белгілеп отыр. Қандай форматта болатындығы жөнінде кейінірек белгілі болмақ. Қостанай облысында биыл төрт мыңнан аса оқушы мектеп бітіреді.
Диқандарға қаржылай қолдау көрсетеді
"ҚазАгро" Ұлттық холдингі көктемгі егіс жұмыстарын қолдауға қаржыландыру көздерінен жалпы 61,2 млрд. теңге бағыттауды көздеп отыр.
Сарапшылардың бағалауынша холдингтен егін науқанына бөлінген қаражат 6,2 млн. гектар жерде агротехникалық шараларды өткізуге мүмкіндік береді. "ҚазАгро" компаниясына ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен 3 мыңнан астам өтінім, оның басым бөлігі Қостанай облысынан (962) келіп түскен.
"Соттағы бітістіру рәсімдері"
Қостанай облыстық сотының Оқу орталығы "Соттағы бітістіру рәсімдері" тақырыбында семинар-тренинг өткізді.
Аталған шараға облыстық, қалалық және аудандық сот судьялары, Қостанай қаласы прокуратурасының, Қостанай облысы прокуратурасының өкілдері, Қостанай облысы медиация орталығы мен БАҚ өкілдері қатысты.
Облыстық сот судьясы А.К.Нұрлымбаева "Судья-медиа-торымен бітістіру рәсімдерін (сот медиациясын) азаматтық сот ісін жүргізуге енгізу бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыру тәртібі" тақырыбында баяндама жасады.
"Студенттік көктем" фестивалі
Кеше Қостанайда "Студентттік көктем – 2014" фестивалі басталды.
Дәстүрлі шара Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында өтуде. Облысымыздың талантты жастары екі күн бойы өз өнерлерін ортаға салатын болады. Фестиваль бағдарламасында көңілді тапқырлар сайысы, спорттық және интеллектуалдық ойындар, вокал мен хореографиялық байқаулар бар. Фестиваль қазақ лигасының КВН ойындарымен басталды. Іс-шараның соңында "Студенттік көктем аруы – 2014" сайысы өтпек.
546 адам қаңғыбас ит, мысыққа таланған
Өңірімізде жыл басынан бастап көше кезген қаңғыбас ит пен мысықтардан зардап шеккен 546 тұрғын дәрігерлердің көмегіне жүгінген.
Биыл өңірге қарасты аудандық және қалалық әкімдіктер осындай адам денсаулығына қауіп төндіріп тұрған жануарлармен күресуге 22 032 712 теңге бөлді. Бірақ, облыста жоғарыда аталған жануарларды аулауға ешқандай қаражат бөлмеген аудан да бар болып шықты. Ал керісінше, жыл басында бөлінген қаражат алғашқы 5 айға да жетпей жұмыстары тұралап тұрған Жанкелдин, Жітіқара, Федоров аудандарын да атап өткен жөн.
Жауынгерлік даңқ мұражайында
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жауынгерлік даңқ мұражайына оқушылар жиі экскурсияға келеді.
Жақында Н.Наушабаев атындағы Затобол орта мектебінің кадеттері әр жылдардағы өрт сөндірушілердің киім-кешегі, құрал-жабдықтары, басқа да қызықты экспонаттар қойылған мұражайда болып, облыстың өрт сөндіру қызметінің қалыптасу және даму тарихымен танысты.
Героин тәркіленді
Облыс аумағында "Допинг" жедел-алдын алу шарасы өткізілуде.
ОІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері операцияның алғашқы екі күнінде аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтаудың екі фактісін анықтады. Қостанайда бір адам 228 грамм героинмен ұсталды. Рудныйда 57 жастағы мүгедектен героин салынған 24 қалташа тәркіленді.