Сала мамандары марапатталды
Ә.Боранбаев атындағы кинотеатрда «Мәдениет және өнер қызметкерлерінің» күніне арналған салтанатты іс-шара өткізіліп, мереке иелерін қала әкімінің орынбасары Түбекбай Әубәкіров пен «NurOtan» партиясы Арқалық қалалық филиалының бірінші орынбасары Сабыржан Тасмағанбет құттықтады.
Мәдениет қызметкерлері қала әкімінің, «NurOtan» партиясының, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің құрмет грамоталарымен көптеп марапатталды.
Солардың бірі – көп жыл бойы Фурманов ауылдық Мәдениет үйінің ұйымдастырушысы болып қызмет етіп, қаланың мәдени өміріне зор үлес қосып жүрген өнер ардагері Қанат Жаңабергеновке зейнеткерлік демалысқа шығуына байланысты ұлттық салтдәстүрімізге сай иығына шапан жабылды.
– Бүгін біздің төл мерекеміз аталып өтіп жатыр. Бұл өте қиын жол. Мәдениет саласында ұзақ жылдар қызмет істеп, міне бейнеттің зейнетін көріп жатырмын. Халықтың рухани мәдениетін көтеру мақсатында қызмет еттік. Ауылымыздың мәдениет үйінде көптеген үйірмелер жұмыс істейді. «Әжелер тобы», «Іңкәр», «Роман» топтары, бишілер, әншілер топтары бар. Олардың барлығы қалада өтетін мәдени іс-шараларға белсенді атсалысады, – дейді Қанат Ерхатұлы.
Өнерді өрге сүйреп жүрген жандардың құрметіне Арқалық қазақ жасөспірімдер театры мен қалалық Мәдениет сарайының өнерпаздары ән-жырдан шашу шашты.
Арқалық қаласы.