30 жылдыққа – 30 мың көшет
Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл толды. Бұл барша мұсылман қауымы үшін үлкен мерейтой. Сондықтан аталмыш басқарма 30 жылдыққа орай 30 мың түп көшет отырғызу жөнінде бастама көтерген еді. Бұл игі іс-шара еліміздегі барша мешіттердің тарапынан қолдау тауып отыр.
Бүгін Қостанай облысының аудан-қалаларындағы күллі мешіттердің имамдары мен жамағаттары таңертеңнен бастап имандылық ордаларының аулаларында жасыл көшеттер отырғызды. Бұл туралы Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі хабарлайды.
«Біздің ата-бабаларымыз «артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деп босқа айтпаған. Себебі, отырғызылған көшеттер уақыт өте айналамызды көркейтіп, көгалдандырумен қатар жасыл желекке бөлейді емес пе. Ал, экология жақсарған сайын адамдардың денсаулығы да нығаяды. Сондықтан мұны жете түсінген қостанайлық дін қызметкерлері мен жұртшылық биылғы тал егу науқанына да белсене қатысып, ұйымшылдықтың нағыз үлгісін көрсетті. Үстіміздегі жылы отырғызылған жас көшеттер ертең жапырағы жайқалған үлкен бәйтерекке айналады. Жаздың ыстық күндерінде жанға сая болары хақ. Бір жағы оның өмірімізді жалғастыратын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Тағылымды тәрбие болатындығы даусыз. Сөйтіп, олар жан-жағымыздағы көркем де көңіл-күйімізге ерекше әсер беретін табиғатты көздің қарашығындай сақтауға ықпалын тигізеді», – деді Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек Тәжімбет.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.