Отпан таудан от келеді
…Дархандығы әйгілі даламда ұлы,
Наурыз келді – басталды Амал күні!
Аман-есен бәріміз көрісейік,
Ең бастысы, елімнің амандығы!
Наурыз келді – басталды Амал күні!
Аман-есен бәріміз көрісейік,
Ең бастысы, елімнің амандығы!
…Маңғыстауда бәрі шын, бәрі де аңыз,
Даласындай елінің жаны нағыз.
Отпантаудың басында от жанғанда,
Осы жерден бәріміз табыламыз!
Даласындай елінің жаны нағыз.
Отпантаудың басында от жанғанда,
Осы жерден бәріміз табыламыз!
Қазыбек ИСА.
Кешелі бері Қазақстанның батыс облыстары Наурыз мейрамын тойлауды бастап кетті. «Көрісу» немесе «Амал мерекесі» деп аталатын жылдың басы соңғы жылдары еліміздің қалған өңірлеріне де кеңінен тарай бастады. Мағынасы зор күнді асыға күткен жұртшылық таңның атысымен дастарханын аққа толтырып, наурыз көжесін әзірлеп, табалдырығын аттаған әр қонағын жылы жүзбен қарсы алады. Көріседі, қауышады. Оларға ерекше ілтипат көрсетіп, төріне шығарады, ас ұсынады. Кішісі үлкеннің шаңырағына кіріп амандасып, саулық сұрасу – үзілмей келе жатқан үрдіс.
(сурет инетрнеттен алынды)
Бұл күні ат жарыс, күрес, айтыс, жыршылар сайысы, басқа да ұлттық ойындардың небір түрі жанданатын сәт. Ал бұл мерекенің негізгі нышаны – наурыздың 13-нен 14-не ауған түні теңіз деңгейінен жарты шақырым биіктіктегі Қаратаудың ең құзар шыңы Отпан тауда Бірлік алауы жағылады. Міне, Маңғыстауда бастау алған сол алау-от қазір күллі Қазақ даласына тарауда. Белгілі ақын Сабыр Адайдың сөзімен айтсақ: «От – жарық, сәуле, жылу, қозғалыс және өнеркәсіп пен өндірістіктің, мәдениеттің күш-қуаты. От – күннің жарығы, айдың сәулесі. Күн – тіршіліктің көзі. Шырақ жағып, май түтету, от жағып аластау да бабалардан қалған дәстүр. Отпан тауда жыл басы – «Амал» мерекесінде Ұран-от жақсақ: жарқын болашақ, сәулелі ғұмыр, жасампаз еңбек, жалынды намыс және бірлік пен берекетке, ұлттық тұтастыққа шақыру деген сөз болып шықпай ма! Отпан тау – Қаратаудың ең биік шыңдарының бірі. Сол биік шыңды халықтың сыртқы жаудан қорғанатын тұғырына айналдырып, бабаларымыз жау келген жағдайда Ұран-от жаққан. Ұран – ойлануға, белгілі бір іс-әрекетке дер кезінде мән беруге, аса маңызды шаралар мен шаруаларды айшықтап көрсетуге шақыру, көпшілікті қоғамдағы ең бір өзекті мәселеге қарай жұмылдыру, үндеу».
Ұлттық тұрғыдан кең көлемде қарайтын болсақ, үш жүздің кіші жүзі – қарашаңырақтың иесі. Қарашаңырақтың қарақазаны қарақазаны да сол бірлік пен берекенің, құт пен жасампаздықтың рухани және заттық бейнесі мен тұғыры.
Әз Наурызды Тобыл-Торғай жұртшылығы да кеңінен тойлауды бастап кетті. Қостанайдың №15 мектебінде балабақша бүлдіршіндері арасында қалалық «Ханталапай» сайысы мәресіне жетіп отыр. Мағынасына қарап, жаңа жылымызды бөбекжай тәрбиеленушілерінің бастап беруін – қарашаңырақ иелерінің Ұран-от жаққаны деп қабылдауымызға болады.
– Мектепке дейінгі мекемелер мен мектепалды даярлық сыныптарының кішкентай өрендерінің ұлттық ойындарымызды балабақша жасынан меңгергенін зор құптауға боларлық іс. Қалай қызығып, қалай беріліп ойнайды десеңізші! Бұған дейін барлық бөбекжай-бақшалар мен даярлық сыныптарынан оза шыққан 225 бала 44 команда болып жиналып, екі күн бойы Қостанай қаласы бойынша төрт жерде іріктеу сынынан өтуде. Кең ауқымда алғаш ұйымдастырылып отырған жарыстың ақтық сынына үздік 12 команда іріктелді. «Үштабан», «Шеңберде ату», «Омпы» сайыстарымен қоса, соңғы айналымда «Бес асық» сайысын қостық, яғни, жерден асық жинау, – деді Қостанай қалалық білім бөлімі мектепке дейінгі секторының жетекшісі Ажар Боранбаева.
Жарысқа тыңғылықты дайындалып келген команданың бірі Қостанай іргесіндегі Дружба елді мекенінің №12 бөбекжай-бақшасының ұландары. Команданы алып келген денешынықтыру жөніндегі нұсқаушы Ирина Ножкина кейінгі жылдары ұлттық ойындарымызды үйреніп игеру бағдарламасының өріс алып келе жатқанын жеткізді:
– Біздің балабақшада балғындарымыз қазақтың ұлттық ойындарынан «Қыз қуу», «Теңге алу», «Арқан тартудан» бастап, асықтың көптеген түрінен үйреніп келеді. Соңғы кезде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірқатар салт-дәстүрлер, ойындардың түрі жаңғыртылып отыр. Соның дәлелі – бүгінгі «Ханталапай» сайысы. Бұл кішкентай бүлдіршіндердің жеңіске деген құштарлығы мен ұлттық ойындарымызға деген қызығушылығын арттырары сөзсіз, – деді И.Ножкина.
Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша мектепке дейінгі мекемелер арасынан №11 бөбекжай-бақшасының командасы бас жүлдеге ие болды. № 9 – бірінші, «Әйгерім» – екінші, №7, 12, 27 бөбекжай-бақшалардың командалары үшінші орын иеленді. Ал мектепалды даярлық сыныптары арасында №24 бастауыш гимназия құрамасы алдына жан салған жоқ. Екінші орынға №5 «А» гимназия, үшінші орынға №16 мектеп командасы тұрақтады.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.