Тиімді амал
Әлемдегі тәжірибелерден белгілі, қандай да бір жұқпалы кеселге қарсы күрес ұжымдық иммунитет қалыптасқанда ғана нәтижелі болады. Ол үшін жаппай вакцина салдыру қажет. Әсіресе, халықпен тікелей жұмыс істейтін мекемелер осы қағиданы қатты ұстанғаны абзал.
Жақында Қостанай облысы жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы ұжымдық вакциналау шарасын өткізді. Онда облыс орталығындағы отыз сот орындаушысы мен олардың көмекшілері екпе салдырды.
«Жалпы, өңірде жүз сот орындаушысы бар. Олардың әрқайсының 2-5 көмекшісі бар. Ал, қаламызда 60 сот орындаушысы жұмыс істейді. Оның арасында вакцина алмағандары бар. Алдымызға қаншама адам келеді.
Сақтық керек. Екпе салдыруға арнайы баруға көбіміздің қолымыз босамай қала береді. Сондықтан, ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін әріптестерімді осында шақыруға шешім қабылдадым. Денсаулық сақтау басқармасы басшылығының келісімі арқылы №2 емханадан бір дәрігер мен екі медбике келді», – дейді Қостанай облысы ЖСО өңірлік палатасының басшысы Несібелі Бәсенова.
Сот орындаушылырының таңдауы «Спутник V» болды. Олар ресейлік вакцинаны таңдау себебін танымалдығымен байланыстырды. Мекемеде екпе салдырғандар сол күні ешқандай кері әсерін байқамағанын айтады.
Ұжымдық вакциналауды өткізудің түк қиындығы жоқ. Мекемеде екпе салдыруға ниетті 15-20 адам жиналса болғаны, тиесілі емханадан дәрігерлер шақыртуға болады.
«Ұжымдық иммундаудың пайдасы көп. Вирус жұқтырған күннің өзінде қатты ауырмайсың, тіпті індеттің баржоғы байқалмай кетуі мүмкін», – дегенді айтады ақ халаттылар.
Қазір көп ел ұжымдық иммунитет қалыптастыруға мән беріп отыр. Мәселен, Ресей эпидемиологтарының сенімі: тамыз айына дейін, халықтың 60%-ына вакцина егілгенде ғана індетпен күрес нәтижесін береді. Ал қазір індеттің соққысы қатты тиіп жатқан Үндістан ұжымдық иммунитет қараша айында қалыптасады деген үмітте.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.