Дәрігерлер қағазбастылықтан құтылады
Қазақстанда алдағы уақытта дәрігерлер қағазбастылықтан арылады. Бұл туралы «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» ШЖҚ РМК бас директорының міндетін атқарушы Айнұр Айыпханова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Жалпы, еліміздегі денсаулық саласындағы заңнамалар кеңестік кезеңнен келе жатыр, заманға сай өзгермеген. Мәселен, кәсіпкер өз бизнесін медицина саласында ашқысы келсе, көптеген кедергіге тап болады. Сондықтан, қазіргі уақытта бұл саладағы барлық заңнамаға сараптама жасап, тексеру жүргізу қажет», – деді ол ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауындағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлік тарапынан екі үлкен бағытта жұмыстар атқарылмақ. «Оның бірі – медицина саласын технологиялық жаңғырту. Яғни, медицина қызметкерлерін қағазбастылықтан арылту, электронды ақпарат алмасуға көшу болып отыр. Ал екінші бағыт – заңнамаларды өзгерту, оларды халықаралық тәжірибеге сәйкестендіру. Өйткені, біздегі кейбір талаптар шетелде жоқ. Мысалы, біздегі талапқа сәйкес кез келген емханада жүргізушіге арналған бөлме 10 шаршы метрден кем болмауы тиіс. Міне, біздің заңнамамызда осындай өрескелдіктер де бар. Тоқ етерін айтқанда, қажеті жоқ, негізсіз талаптарды жоюымыз керек», – деді ол.