Қару қолдануға мәжбүр болды
Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстау барысында табельдік қару қолданған. 24 мамыр күні таңғы сағат 9.25 шамасында Сарыкөл ауданындағы Новое кентінде 31 жастағы әйелдің мәйіті өз үйінен табылған. Мәйітті алғаш болып марқұмның анасы көрген. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы марқұмның денесінде 23 пышақ жарақаты барын анықтапты. Жарақат іздері оның қолында да болған, яғни, оның қашып кетуге тырысып, қарсыласқаны белгілі. Бұл ақпаратты облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратып отыр.
«Бастапқы тергеу және жедел іс-шараларды жүргізу кезінде полицияның күдігі марқұмның көршісі әрі бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған адамға түсті. Тәртіп сақшылары 40-тан астам ауыл тұрғынынан сауалнама алды. Олардың бірі күдіктіге ұқсас адамның тоғайға қарай бара жатқанын көргенін айтқан. Облыста «Тосқауыл» операциясы жарияланды. Күдікті ауылдан 40 шақырым жерден табылды. Полицейлерді көрген ер адам омарташы тұрған вагонға қарай жүгірді. Құрықтау кезінде ол белсенді қарсылық көрсетіп, полиция қызметкерлерінің біріне пышақ жарақатын салды», – делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары қаскөйге қаруын тастауын талап етіп, ескерту ретінде аспанға бірнеше рет оқ атқан. Алайда күдікті ескертуді елемей, тәртіп сақшыларына пышақпен шабуыл жасауын тоқтатпапты. Адам өмірі мен денсаулығына төнген қауіпті ескерген полиция қызметкерлерінің күдіктіге қарсы табельдік қару қолдануына тура келіпті. Ер адам алған жарақатынан көз жұмған.
Қазіргі уақытта табельдік қаруды қолданудың заңдылығы фактісі бойынша тексеру жүргізілуде. Сондай-ақ, ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Марқұм әйелдің артында 3 жасар және 10 айлық кішкентай балалары қалды.
Ал WhatsApp мессенджерінде қаза болған күдіктінің бір емес, екі адам өлтіргені туралы аудио хабарлама тарап жатыр. Полиция департаментінің өкілдері мұндай қаңқу сөздерге сенбеуге әрі оны жарияламауға, тек ресми ақпараттарға жүгінуге шақырады.