Жас дәрігерлерге қолдау зор болмақ
Өңірімізге қазір 350 дәрігер маман қажет. Тек ауылдық жерлерде жүзден аса ақ халатты тапшы болып отыр. Соның ішінде акушер, фельдшер мамандары жоқтың қасы. Былтыр емдеу мекемелеріне 100-ге жуық дәрігер тартылды. Олардың арасында онкологтар, бала дәрігерлері, терапевт және хирургия саласының мамандары бар. Бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудник алқа мәжілісінде осы мәселені алға тартты. Мәліметінше, биыл өңірде дәрігерлер тапшылығын жою үшін жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Осыған байланысты 200 млн теңгеден астам қаражат бөлінбек.
– Дегенмен облыстың ауруханалары мен емханаларында ақ халаттылар тапшы. Жергілікті билік қалада жұмыс істеуге келген жас мамандарға 500 мың теңгеден, ауылдық жерлерге ат басын бұрғысы келгендерге 2,5 млн теңгеге дейін көтермеақы ұсынуда. Оның сыртында, олар еңбекақысына қосымша ынталандыру мүмкіндіктеріне ие болады. Былтыр жас дәрігерлерді қолдау мақсатында 56 млн теңге жұмсалды, – деді В.Дудник.
Бүгінде маман тапшылығының кесірінен туберкулез, ана мен бала өлімі, қан айналу жүйесі және қатерлі ісік аурулары бойынша Қостанай облысы тәуір көрсеткішке қол жеткізе алмай келеді.
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов медициналық кадрлардың жетіспеушілігін шешу үшін кешенді шаралар қабылдау керектігін айтты.
– Мәселені шешудің бір жолы – өзге өңірлерден мамандар тарту. Мәселен, қазір жас мамандарды тарту мақсатында Батыс Қазақстанның медициналық университетімен келісім-шарт жасалып отыр. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша қолдау шаралары да күшейтіліп жатыр. Бұрын әр маманға 170-180 мың теңгеден беретін болсақ, енді бұл сома әлдеқайда өседі. Сол үшін тағы 100 млн теңге қарастырып отырмыз. Бұл қаражат басқа облыстардан келген жастарды қолдауға арналған. Бұдан бөлек, ауылдағы емханаларға 134 млн теңге бөлінеді, – деді облыс әкімі.