Екпе салуға әзір
Өңірде коронавирустық инфекцияға қарсы ерікті түрде вакцина салу жөніндегі барлық әзірлік жұмыстары жүргізілді. Егу процесіне барлығы 31 медициналық мекеме (26 мемлекеттік және 5 жекеменшік емхана) жұмылдырылады. Бұл туралы облыстық жедел штаб хабарлайды.
«Бұдан бөлек әр емхананың жанынан бір-бір жылжымалы екпе салу бригадасы қарастырылған. Олар мектеп-интернаттарға, медициналық-әлеуметтік мекемелерге, балалардың жабық мекемелеріне және басқа тұлғаларға қызмет көрсететін болады», – делінген хабарламада.
Аймақта 93 стационарлық және жылжымалы екпе пунктерінде вакциналау жүргізілмек. Екпе салу пунктер санын 150-ге дейін арттыру резерві қарастырылған.
Медициналық мекемелердің жауапты 160 маманы қабылдауды ұйымдастыру, тасымалдау және вакцина салу, оң және қарсы көрсету бағыттары бойынша оқытылыпты.
«Минус 20 және одан төмен температурада сақтауға арналған 120 мұздатқыш құрылғыларын сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бір мезетте 73 мың доза вакцина қабылдауға мүмкіндік береді. Осы аптаның аяғында мұздатқыштардың алғашқы легі әкеліне бастайды. Вакцинаны салқын күйінде облыстың шалғай аудандарына жеткізу үшін авторефрижераторлар мен 100 термоконтейнер сатып алу жоспарланған. Бүгінгі таңда сыйымдылығы 2 мен 50 литр аралығындағы 817 термоконтейнер бар. Ал мұздатқыш құрылғыға 8,8 мың доза сыятын мүмкіндігі бар», – дейді жедел штаб.
Вакцинаны ең алдымен инфекциялық стационар, жедел жәрдем, жансақтау және интенсивті емдеу, алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелері, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қабылдау бөлімдері қызметкерлері алатын болады.