Ел бірлігінің белгісі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Біз сөзбен айтқанда, жер шетелдіктерге жалға берілмейтін және сатылмайтын болды. Президент халықтың ұсынысын толық қолдап, көпшіліктің көкейін кернеген күдікті біржола сейілтті. Енді бұдан былай дүйім елді дүрбелеңге салуға еш негіз жоқ.
Бұрынырақта жер мәселесі талқыға салынғанда шетелдіктерге беруге қарсы шыққандардың қатарында болдым. Сол кезде кейбір кісілер ұстанымымды түсінбей қалған еді. Уақыт өте келе мен сияқты ауыл азаматтарының көзқарасы дұрыс болып шықты.
Менің ойымша, қол қойылған жаңа заң – ел бірлігінің белгісі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша жасалған жұмыстың нақты көрінісі десек те артық емес.
Обаған ауылының тұрғынымын. Мен басқарып отырған шаруа қожалығына тиесілі 5 мың га жер бар. Сол алқапты халықтың игілігіне пайдаланып келеміз. Осы елдің тумасы болған соң, жауапкершілікті сезініп, жерге жанашырлықпен қарайтынымыз анық. Ал, егер шетелдік келіп жалға алса, мол өнім аламыз деп, жерді қандай күйге түсірерін кім білсін. Сондықтан, халық пен президенттің бір мүддеге тоғысқан бастамасын қос қолдап қолдаймын.
Болат Қарабаев,
кәсіпкер.
Ұзынкөл ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓