Жұмыла атқарар жұмыс көп
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қалалар мен аудандардың әкімдерімен селекторлық кеңес өткізді. Жиында Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру жоспарлары және өзге де құқықтық мәселелер қаралды.
Қостанай облысында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында «Жасампаздыққа толы жылдар» тұжырымдамасы негізге алынып отыр. Облыста ел егемендігінің 30 жылдығын атап өтуге арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының мәліметінше, ол 12 бағыт аясындағы 206 тармақтан тұрады. Жыл басынан бері облыс көлемінде 3 415 іс-шара жүзеге асырылыпты.
«Негізгілеріне тоқталсақ, ІІ халықаралық «Наурыз достарын шақырады» online-фестивалі өтіп, оған он елден 36 би ұжымы қатысты. Қазақ халқының тарихы туралы «Қазақтар» қойылымының премьерасы өтті. Оның қоюшы-режиссері – Тұңғышбай Жаманқұлов, – деп баяндады басқарма басшысы Б.Аққожина. – Сондай-ақ, «Таза әлем» атты екі айлық экологиялық акция басталды. Оның аясында 677 га жерге көшет отырғызылмақ. Амангелді, Денисов, Қамысты, Қарабалық, Меңдіқара аудандарында Тәуелсіздік аллеялары салынуда. Қалған өңірлер қаржының бөлінуін күтіп отыр».
Ол тұжырымдама аясында мектептер мен колледждер жанына музейлер, тұлғалар атындағы кабинеттер ашуды, өлкетану кітаптарын шығаруды, жазғы этнолагерьлер ұйымдастыруды, қуғын-сүргін, желтоқсан оқиғасы құрбандарына ескерткіш тақталар орнатуды ұсынды. Сондай-ақ, ашық лекциялар, «Ізгі істер амарфоны», «Қазақстан туған үйімізге айналды» атты бейнесұқбаттар ұйымдастыру жоспарымен бөлісті.
Бұдан кейін жемқорлықпен күрес мәселесі талқыға алынды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында: "Сыбайлас жемқорлық қоғамға, мемлекеттің конституциялық негізіне қауіп төндіреді, сондықтан оған қарсы күрес жалпыұлттық міндет болып табылады", -деген болатын. Қазіргі уақытта тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды нығайту, бизнеске қамқорлық жасау және қоғамдық бақылауды күшейту бағытындағы іс-шаралар қарқын ала түсті. Отырыс талқылауында қоғам кеселін жою жолындағы күресті әлі де жетілдіре түсу керек екені айтылды.
Жиын барысында Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру мәселесі де қаралды. Бұл жоспарға облыс бойынша коммуналдық меншіктің 36 нысаны енгізілген. Барлық объектілер бойынша Жол карталары бекітіліп, мемлекеттік мүлік тізіліміне алынған, сондай-ақ объектілерді өткізудің ай сайынғы кестесі әзірленді.
«Жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыруға барлық дерлік қалалар мен аудандардың әкімдіктері қатысып жатыр. Сонымен қатар, тізімде «Тобыл ӘКК» АҚ бар. 2021-2024 жылдар аралығында коммуналдық меншіктің 34 нысаны, 2021-2022 жылдары «Тобыл ӘКК» АҚ-ның 4 объектісі жекешелендіріледі», – дейді облыстық қаржы басқармасының басшысы А.Жүсіпова.
Бұдан кейін, өңір басшысы осы жылы мемлекеттік орман қоры аумағындағы өрт қаупі туралы да пікірін айтты. Ол халықты орманға барудан аулақ болуға, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға, табиғатты қорғауға және қоршаған ортаға зиян келтірмеуге шақырды.
Кеңес қорытындысында қалалар мен аудандардың әкімдеріне жекешелендіру қарқынын жеделдетіп, Жол карталары мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясындағы іс-шаралардың сапалы әрі мазмұнды өткізуді тапсырды.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев