Арқалық қаласында көмір қабылдайтын орталық салынады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қостанай облысына қарасты Арқалық қаласында көмір орталығы салынады деп жоспарлануда. Облыс басшылығының бұндай жоспар құруына себеп болып отырған жағдай – қыс мезгілінде алыстан көмір тасып, жолда қалатын тұрғындардың мәселесі екен. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингісінде журналистердің сұрағына жауап бере отырып, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мәлім етті.
«Биыл қыс қиын өтіп жатыр. Қардың көлемі былтырғымен салыстырғанда екі жарым есе, кейбір облыстарда тіпті үш есе көп жауды. Қыс бойы облыста республикалық және жергілікті маңыздағы жолдар 15 рет жабылды. Құтқару жұмыстарына екі жүзден астам техниканы жұмылдырдық. Қыс бойы үш жүзден астам жеңіл автокөлікті, 650 адамды құтқарып алдық», – деген әкім енді облыс көктемге дайындалып жатқанын жеткізді.
Ал, «Ішкі істер министрінінің бірінші орынбасары В.Божконың «қыста ескертуге қарамай жолға шыққан адамдарға айыппұл салу керек» деген ұсынысы дұрыс па?» деген сұраққа әкім: «қыста рұқсатсыз жолға шыққан адамдарға айыппұл салу туралы Ішкі істер министрлігінің шарасы дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, Торғай өңірінде тұрғындар мен жеке кәсіпкерлер күн райының қиындығына, төтенше жағдайлар департаментінің ескертуіне қарамай өздері көмір тасуға шығады. Көмірді күз кезінде тасу керек еді. Бірақ, қыста көмір тасуға шығып, жолда қалған біраз оқиға тіркелді. Сол кезде тіпті әуе техникаларын жұмылдырып, адамдарды құтқардық. Бұның барлығы бюджетке келіп жатқан шығын. Бірақ, осындай жағдайларға жол бермеу үшін өзіміз тиісті шараларды қолға аламыз. Мысалы, Арқалық қаласында көмір қабылдайтын орталық салуды жоспарлап отырмыз. Яғни, сол орталыққа көмір тасып берсек, кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар бейберекет жолға шыға бермей, сол орталықтан тасып алар еді», – деп жауап берді.