«Hi-tech»: 68 қылмыс анықталды

Облыста интернет алаяқтарын әшкерелеуге бағытталған "Hi-tech" республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді.
Үш күн ішінде облыстық ПД киберқылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері 68 қылмысты анықтады. Осы уақытқа дейін жасалған 30 қылмыстың беті ашылды.          
Мәселен, Қостанай қаласының 20 жастағы тұрғыны өткен жылдың қараша айынан 2021 жылдың сәуір айына дейін «ОЛХ» сайтына әртүрлі абоненттік нөмірлерді пайдалана отырып хабарландыру орналастырған. Нақтысында, бірнеше қалада (Қостанай, Павлодар, Петропавл, Көкшетау және Нұр-Сұлтан) арзан бағаға жалға пәтер беретінін жария еткен. Ал шынында, ол пәтерлердің біреуі де болмаған. Клиенттерді қызықтыру үшін алаяқ элиталы пәтерлердің суреттерін пайдаланыпты. Күдікті құрықталған кезде одан 5 ұялы телефон, 2 банк картасы және 8 сим-карта тәркіленді. Банк картасына түскен қаржы анализі көрсеткендей, алаяқтың шотына 2000-нан 55 000 теңгеге дейін ақша құйылып отырған. Ол кенелген «олжаның» жалпы сомасы 1 500 000 теңгеге тең. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.  
Ал криминалды полиция қызметкерлері онлайн-кредит рәсімдеумен айналысатын 57 интернет-алаяқты қолға түсірді. Жәбірленушілері – Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстарының және Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары. Айталық, елорданың 26 және 32 жастағы тұрғындары 2020 жылдың қазаны мен 2021 жылдың сәуір айы аралығында азаматтардың әлеуметтік желілерінен алынған дербес деректерін пайдалана отырып, несие рәсімдеген. Займ сомалары 100-300 мың теңге аралығында болыпты. Екі алаяқ тапқан көлеңкелі табыс – 7 млн теңге айналасында. Олардың құрбандары бұдан да көп болуы мүмкін.
«Қуаяқтардың құрбанына жасына, жағдайына, ұлтына және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, кез келген азамат айналуы ғажап емес» дейді тәртіп сақшылары.
Сондықтан олар мына ережелерді есте ұстауға шақырады:
– жеке куәлік, ЖСН, ЭЦҚ, төлемді мақұлдауға арналған СМС-кодттар, парольдер, жылжымалы және жылжымайтын мүлік құжаттарының анықтамасы, банк карталарының деректері (иесінің аты-жөні, жарамдылық мерзімі, ЖСН, CVV-үш таңбалы нөмір) туралы ақпараттарды таратпаңыз;
-бөгде адамдарға банк картасының және жеке куәліктің қос беті түсірілген суретті жібермеңіз;
– үшінші тұлғаға абоненттік нөміріңізге түскен смс-кодтарды жібермеңіз;  
-жеке құжаттарыңызды сұратқан мекемелерге тарата бермеңіз, ұйымның сенімділігіне көз жеткізіңіз;
– Qiwi-әмиян арқылы бөгде адамдарға ақша аудармаңыз;
-интернет сайттары арқылы тауар сатып алар (сатар) кезде, сондай-ақ ұзақ және қысқа мерзімге пәтер жалдар кезде алдын ала төлем жасауға келіспеңіз.
 Өйткені алаяқтар сіздің жеке деректеріңізді:
-банктегі шотыңыздан ақша шешіп алуға;
-құжат иесінің қатысынсыз несие рәсімдеуге;
-басқа да заңға қайшы әрекеттер жасап, оңай олжаға кенелуге пайдалануы мүмкін.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓