«Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар»
Ұлы Дала қаншалықты ұшы-қиырсыз болса, онда өмір сүретін елдің рухани қазынасы да соншалықты қисапсыз мол әрі сан алуан. Бұрынғы сал-серілер, қайқылар, ақын-шайырлар мұра қылған рухани қазынамыздың барлығы өзіміздің қасиетті Тобыл-Торғай бойында тұнып тұр. Бұл да сонау замандардан белгілі, тірісін сөзге тоқтатқан Тәтіқара, Өске жыраулар, Асаубай, Досбол шешендер, Нұржан, Қанапия, Ақсұлу, Ахмет, Сейітжан, Нұрхан, Ахметқан, Мұхамеджан, Байқоныс, кешегі Сыздық Әбілғазин, бүгінгі көзі тірі Қасымқан Алдабергеновтей дүлдүлдерден бізге жеткен әншілік-жыршылық өнер.
Облыстық мәдениет басқармасының ұйытқы болуымен, Е.Өмірзақов атындағы филармонияның ұйымдастыруымен Жастар сарайында «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар» деп аталатын дәстүрлі әншілер мен жыршы-термешілер концерті өтті. Баба дәстүрді жанына серік еткен жергілікті өнерпаздар Алтай-Тарбағатай, Жетісу, Сыр, Бесқала, Арқа, Батыс дәстүрлі әншілік-жыршылық мектептеріне кеңінен тоқталды. Айта кетейік, осы кешке қазіргідей індет тарап тұрған уақытта алыс елді мекендерден дарындылар шақырылған жоқ. Тек Қостанай мен оған іргелес Алтынсарин ауданы және Рудный қаласының ән-жыр өкілдері қатысып отыр.
Бұл кеш әр аймақтың ән-жыр мектебі мен олардың өкілдері жайында қысқаша мәліметке лекция-концерті ретінде өткенін айта кету керек.
ҚР Мәдениет саласының үздігі, Е.Өмірзақов атындағы филармонияның әншісі Манапбек Кәдіров бастаған халықаралық, республикалық дәстүрлі ән, жыр-терме байқауларының лауреаттары Торғын Қабдырашева, Абзал Алпысов, Талғат Молдағалиев, Қыдырбек Қиысхан, Айбике Таңатарова, Айжан Санай, Жасұлан Өтемұратов, Зарина Рахманбердиева сахнада аянып қалған жоқ.
Халық әндері халық композиторлары мен жыраулардан қалған «Аңшының әні», «Жорғатай», «Сарыбайға», «Бақша», «Майра», «Бастау», «Қос құдаша», «Тік шырқау», «Қанапияның әні», «Әнші дауысы» «Торғайдан сәлем», «Төрт нәрсе», «Қазағым», «Ал, жігіттер, сал құлақ» «Көкен-ай», «Аққұм», «Жиырма бес» шығармаларын шырқау шегіне жеткізді десек, артық айтқандық емес.
Қазақтың әні, жыры және күйі – ошақтың үш бұтындай ажырамас өнер саласы ғой. Сол себепті, ән-жырдың арасында күйімізге де кезек берілді. Е.Өмірзақов атындағы филармонияның «Ақжелең» фольклорлық ұлт-аспаптар ансамблінің көркемдік жетекшісі Ыбырай Есжан және қазақ ұлт аспаптар оркестрінің домбырашысы Данияр Рысбек Рүстембек Күлшебаевтың Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған «Қолбасшы» күйін көрерменге тарту етті. Кеш соңы қыздар мен жігіттер қосыла орындаған халық әні «Шіркін-аймен» аяқталды.
– Біздің аймағымыздың өнерпаздары өзге өңірлерге бара қалғанда, «Қостанай жерінде дәстүрлі өнер дамыған ба?» деген қасаң пікір, екіұдай сұраққа тап болатынымыз анық. Құдайға шүкір, біздің өлкеде өнер де бар, сол өнерді игерген өнерпаз да бар! Ал кейінгі толқын жерлес ата-бабаларымыздың ғана емес, қазақтың ұлан-ғайырындағы барлық ән-жыр мектептерін мейлінше игергеніне куә болдық. Бүгінгі концерт Қостанай қаласымен ғана шектеліп қалмай, өнер керуені ретінде аймағымыздың өңірлерін аралап қайтса деген ұсынысымыз бар, – деді құттықтау сөз алған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.
Суреттерді түсірген Янис Мармалиди.