“Әкел бері, қайғыны тең бөлеміз”
Арбаға таңылған адамды көрсек ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың осынау өлеңі еске түседі. Тағдыр тауқыметімен "мүгедек" атанған жандарға мына қоғам "әкел бері, қайғыны тең бөлеміз, не де болса тәуекел, тең көреміз" деп айта ала ма?
Иә, қазіргі заман екі қолды бос қойып қарап отыруды құп көрмейді. Шамаң жеткенше еңбек етіп, напақаңды табуың керек. Аяқ-қолы бүтін, он екі мүшесі сау адамға жан бағатын кәсіп табылар. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар қайтіп күн көрмек? Олардың азғантай жәрдемақысы қайда жетеді?
Мүгедек жандардың арасындағы ең бір өзекті мәселе жұмыспен қамту жайы болып отыр. Осынау күрмеуі көп мәселенің түйінін шешуді Елбасы Н.Ә.Назарбаев тиісті орындарға жүктеген болатын. Бұл ретте "Нұр Отан" партиясы көш бастап, мүгедектерді жұмысқа орналастыруға барынша күш салуда. Партияның Қостанай облыстық филиалы Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру үшін әртүрлі бағыттағы мәжілістер мен оты-рыстарды ұйымдастырды. Мүгедектерге қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен қолайлылығын тексеру үшін партиялықтар облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесе ауқымды шараларды жүзеге асырды. Мәселен, жыл басынан бері 54 рейд, 42 жәрмеңке және облыстық жұмыс тобының 8 отырысын өткізіпті. Сондай-ақ қала, аудан көлемінде бос жұмыс орындарына арналған ай сайынғы жәрмеңкені ұйымдастырды. "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Бәйбектің тапсырмасына сай партияның облыстық, қалалық, аудандық филиалдарында әр сәрсенбі мүгедектерді қабылдау күні болып қалыптасқан. Яғни, дәл осы күні мүгедкетер "Нұр Отан" партиясының қабылдауына жазылып, кез келген сауалдарын жолдай алады. Азаматтардың сұрауларына жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері, Қостанай облысы бойынша әлеуметтік қорғау және бақылау Департаментінің мамандары жауап береді. Партиялықтардың атқарған іс-шараларының нәтижесінде биыл өңірдегі 400 мүгедек жұмыспен қамтылды.
– Бүгінде мүгедектер мемлекет тарапынан ерекше қолдауға ие болып отыр. Олар үшін қолжетімді орта құруды Елбасы өзінің биылғы Жолдауында қадап тапсырды. Әлеуметтік нысандардың мүгедектерге қолжетімділігін анықтау үшін апта сайы мониторинг жүргіземіз. Мүгедектер тек жәрдемақы алып қана қоймай, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінуі тиіс, – деді "Нұр Отан" партиясы ҚОФ партиялық бақылау бойынша инспекторы Ілияс Жүнісханов.
"Кедергісіз келешек"
"Нұр Отан" партиясының төл жобасы дәл осылай аталады. Оның мақсаты – мүгедектерді тұрақты жұмысқа тұрғызу, қоғам мен бизнестің назарын мүгедектердің мәселесіне аударуға бағытталған ақпараттандыру жұмысын күшейту. Аталмыш жоба Алтынсарин ауданында жоғары нәтижеге ие. Мұнда әртүрлі топтағы 426 мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Соның 18-і "Кедергісіз келешек" жобасы бойынша жұ-мысқа орналасқан. Өз ісін бас-тауға мүмкіндік алған жандардың бірі – Дәркей Мұхаметхан. Ол 3 топтағы мүгедек. Үш баланы тәрбиелеп отырған жал-ғыз басты ана ойлана келе ұлттық стильдегі киімдерді тігетін шеберхана ашуды жоспарлайды. Оның бұл ойын партияның аудандық филиалы қолдай жөнеледі. Бизнес жоспардың жүзеге асуына кәсіпкерлер палатасы көмек берген.
Д.Мұхаметхан Алтынсарин ауданына қарасты Большая Чураковка ауылында тұрады. Шағын ауыл "Сосновый бор" курорттық базасы мен "Жайлау" сауықтыру кешеніне жақын орналасқан. Мұнда демалуға келген көпшілік кәде-сыйды алыстан іздемей-ақ тігінші Дәркейдің тауарын сатып алатын болады.
Алтынсарин ауданының кәсіпкерлерінің айтуы бойынша, мұнда мүкіндігі шектеулі жандарға жұмыс тауып беру қиын. Себебі, ауданы аграрлы аймақ саналады. Жергілікті халықтың 85%-ы ауылшаруашылығы саласында жұмыс істейді. Яғни, тұрғындар егін егіп, мал өсіріп жан бағуда. Мұндай маусымдық жұмыстар-ға араласу мүгедектерге қиындық туғызары анық. Осынау мәселенің туындауына қара-мастан нұротандықтар жергі-лікті кәсіпкерлердің қатысуымен үш жәрмеңке өткізді. Нәтижесінде 14 адам жұмысқа орналасты.
Шетелде мүмкіндігі шектеулі жандардың емін-еркін қимыл жасауына, көшеде жүруіне қолайлы жағдай жасалған. Соңғы жылдары біздің еліміз де осы мәселеге баса назар аударып жатыр. Бір ғана "Кедергісіз келешек" партиялық жобасы мүгедектердің оқшау өміріне өзгеріс әкелді.
Қостанай облысында 22 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Бұл көрсеткіш жалпы халықтың 2,6 %-ын құрап отыр. Соның ішінде 2 мыңы мүгедек балалар.
2008 жылдан бастап облыс аумағында әлеуметтік такси жұмыс істейді. Аталған қызмет түрі Қостанай және Рудный қалаларында кең қолданысқа ие. Орташа есеппен жылына 600 мүгедек әлеуметтік таксиді пайдаланады. 2013 жылы әлеуметтік такси қызметі үшін 23 млн. теңге жұмсалды. Биыл 28,4 млн.теңгені игеру жоспарланған.
"…мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс." Н.Ә.Назарбаев "Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты Жолдауынан.
Қымбат
Досжанова