Білім күні – түрілді шымылдығы!

Бүгін күллі қазақ даласаның түкпір-түкпірінде Алтынсарин салған ізбенен алтын қоңырау сыңғырлады. Түйіні дөп, тапсырмасы көп жиналыстардан соң нағыз жұмыстың қыза түсер сәті – 1-қыркүйек. Биыл облыс бойынша 12 мың бала бірінші сыныпқа барып, мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр. Облыс әкімі Перцев елді мекенінде су жаңа мектептің ашылу салтанатында болса, шаһар басшысы №2 мектеп-лицейінің оқушыларымен бірге оқу жылының шымылдығын түрді.IMG_2966
Қостанай облысындағы Перцев ауылының оқушылары жаңа оқу жылында жаңа мектептің табалдырығын аттады. Бұл елді мекендегі негізгі мектептің ғимараты екі жыл бұрын апатты жағдайда деп жарияланған болатын. Содан бері ауыл балалары 15 шақырым қашықтағы Рудный қаласына қатынап оқып келген. Енді ол қолайсыздықтың бәрі артта қалды.
-Мектеп құрылысы екі жылға созылды, – дейді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов. – Оған бюджеттен 650 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Жаңа ғимаратта лингафон кабинеті, мультимедиалық кабинет жұмыс істейді. Әр сынып компьютермен жабдықталған. Бір сөзбен ауыл балаларының заман талабына сай білім алуына барлық жағдай жасалған. Барлығыңызды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл Перцев ауылында бірінші сыныпқа тоғыз бала қабылданды. Олар енді өзге аға-апалары тәрізді көлік күтіп, көрші қалаға қатынап әуреге түспейді. Жаңа, жылы, жайлы ғимаратта білім алады. Мектепте барлығы 78 оқушы бар. Бұған дейін қала мектебінде әр сыныпта оқыған ауыл балалары, енді бір-бірімен қауышып, жақынырақ танысып, мәре-сәре.
-Өз басым ерекше қуаныштымын, – деп сөз бастады мектеп оқушысы Гүлнәз Тобақұлова. – Жаңа мектепте жаңа ұстаздар мен жаңа достармен қауышқалы тұрмын. Біздің мақсат – артылған үмітті ақтау ғана. Себебі, мұндай мектепті біз көптен армандап едік. Қиялымыз өңге айналды.
Перцев оқушылары шат-шадыман көңілмен су жаңа мектептің табалдырығын аттап жатқанда, облыс орталығындағы №2 мектеп-лицейі қала әкімі Базыл Жақыповпен бірге жаңа оқу жылын қарсы алды.IMG_2948
-Сіздерді білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! – деп бастады құттықтау сөзін Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов. – Білім күні – еліміздің ертеңіне баланатын келешек жастарымыз үшін тағы бір маңызды қадам. Елімізде білім беру саласына жақсы көңіл бөлінуде. Елбасымыздың «Қазақстан – 2050» бағдарламасын, өзге саяси бағыттарымызды жүзеге асыру үшін қазіргі жастарымызға заман талабына жауап бере алатын білім керек. Осы жылы, естеріңізге сала кетейік, облыс орталығында №14 және №115 мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, дәл осы мектептің алдынан өтетін Дулатов көшесінің күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алдық. Қазіргі уақытта жұмыстың басым бөлігі аяқталды. Көлік және жаяу жүргіншілер жүретін жолдың ені кеңейтілді. Бұл өз кезегінде мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Дәл осындай мазмұндағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.IMG_2933
Іс-шараның барысында қала әкімі Базыл Шамұханұлы айтылмыш мектеп қабырғасында отыз жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан Қостанай қаласының құрметті азаматы, мақтаулы маман Макерова Вера Григорьевнаны құттықтап, арнайы сыйын тарту етті.
-Ел Тәуелсіздігінің 25, облысымыздың 80 және Ы.Алтынсариннің 175 жылдығымен, әрі білім күнімен тұспа-тұс келген Вера Григорьевнаның 70 жылдық мерейтойы ерекше мәнге ие, – деді өзінің құттықтау сөзінде қала әкімі. – Меніңше, еңбектің ерек үлгісін көрсеткен сіздей кісілер барда қазіргі жас мамандар мен шәкірттердің шалыс басуы мүмкін емес. Көп жасаңыз!
IMG_2952
Қазіргі уақытта жетпістің желкеніне шыққан мақтаулы ұстаз кезінде мектеп директоры сынды лауазымды, жауапты қызметтерді атқарған. Бүгінде бұл кісі қатардағы мұғалім. Ардагер маманды Қостанай облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Василий Цымбалюк те құттықтап, арнаулы сыйақымен марапаттады.
-Біздің мектептің табалдырығын алғаш рет аттап отырған бірінші сынып оқушыларына ең бірінші оқу жылдарында сәттілік тілеймін, – деген сөздерден бастады құттықтауын №2 мектеп-лицейінің директоры Гүлфия Дәндібаева. – Ал, биылғы жылдың түлектеріне аянбай еңбектеніңдер дегім келеді. Себебі, бұл мүмкіндік қайтып келмесі анық. Барлығыңызды оқу жылымен құттықтаймын!
Дәстүрлі педагогикалық тамыз кеңесінен белгілі болғандай, биылғы бірінші сынып оқушыларының барлығы ағылшын тілін оқымақ. Сондай-ақ, бұл мектептің де бірінші сынып оқушылары бес күндік жүйе бойынша білім алады.
-Үлкен ұлымның кенжесі бүгін бірінші сыныпқа барды, – деп бастады немересіне жетектей келген Әсем Әбдіаманова. – Ағылшын тілін бірден оқиды екен. Жаңа біліп жатырмыз. Балабақшада да азын-аулақ бұл тілдің сауатын меңгергені бар. Ал, бүгіннен оқудың көкесі басталары анық. Бұл да дұрыс деп ойлаймын, себебі, Қазақстанымыз әлем алпауыттарымен иық тірестіре алатын елге айналуы тиіс. Сондықтан да, балаларымыз білім нәрімен барынша қанықса игі. Барлық ата-аналарды, ата-әжелерді балдырғандарының алғаш мектеп табалдырығын аттаған осынау күнмен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз гүлдене берсін.
Осы жылы №2 мектеп-лицейінің босағасын 155 бірінші сынып оқушылар аттап отыр. Ал, мектептегі барлық оқушылардың саны мыңнан асып жығылады. Барлық сыныптарда кітаппен қамтамасыз етілуі деңгейі – 100 пайыз. Бұл жағынан ата-аналар алаңсыз. Жас мамандар да жоқ емес. Көбі ағылшын, орыс тілдерінің және бастауыш сынып мұғалімдері. Барлығы жергілікті жоғары оқу орындарының түлектері.
Мектеп оқушыларын салтанатты шарамен құттықтау үшін жергілікті өнерпаздар да арнайы шақыртылған. Әннен шашу шашып, мың бұрала билеп, мерекенің көркін қыздырды.
Шешуші сәтте алтын жалатылған қоңыраудың да үні сыңғырлап, жаңа оқу жылының тың парағы ашылғанынан хабардар етті. Бұл құрмет дәл осы мектеп-лицейдің он бірінші сынып оқушысы, талай республикалық пәндік олимпиадалардың жүлдегері Анна Уварова мен бірінші сынып табалдырығын алғаш аттағалы тұрған Асан Тасмоллаевқа бұйырды. Барлық бірінші сынып оқушыларына Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Менің Отаным – Қазақстан» атты кітабы тарту етілді. Айта кету керек, Қостанай облысының көлемінде білім күніне орай әр мектеп салтанатты шараларын жоғары деңгейде ұйымдастырды.IMG_2999
Жалпы 2011-жылдан бері Қостанай облысында тоғыз білім беру мекемесі салыныпты. Оның жетеуі мектеп, екеуі балабақша. Мұның сыртында сегіз мектепке күрделі жөндеу жасалған. Осы мақсаттарға барлығы 9 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалыпты.
 
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓