Жас маманға – жаңа баспана
Сандригайло көшесінде орналасқан бес қабатты ғимарат Топтың корпоративтік түстерімен әрленіп, ауласына автотұрақ пен ойын алаңдары орнатылған. Мұндағы пәтерлердің ауданы бөлме санына қарай 35, 55 және 75 шаршы метрді құрайды. Баспаналарға бірінші кезекте бірлестіктің жас және аса қажетті мамандықтың иелері жайғасты. Олардың қуанышына Еуразиялық Топтың Бас атқарушы директорының Бірінші орынбасары Алдияр Қазтаев пен «ССКӨБ» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиев ортақтасты. Пәтерлерді аралап, тұрғындармен жүздескен мәртебелі қонақтар бірнеше отбасыға тұрмыстық техниканың сертификаттарын табыстады.
– Бұл тұрғын үй Еуразиялық Топтың қолдауымен қайта қалпына келтіріліп отыр. Бүгін үйдің іші мен сырты адам танымастай өзгеріп, бөлмелері кең, әрі жайлы екендігіне көз жеткіздік. Болашақта ауладағы балалар мен спорт алаңшалары кішкентай тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналатынына сенімдімін. Біз болса, өз кезегімізде, Қостанай облысының әкімдігі мен Топтың бірлескен жобалары аясында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жер» бағдарламасына үлес қосып, жаңа үйлерді тұрғыза беретін боламыз, – деді кеншілерді құттықтаған Береке Сағатұлы.
Айта кетейік, Еуразиялық Топтың Тұрғын үй бағдарламасының шеңберінде компания кәсіпорындары орналасқан Қостанай, Ақтөбе және Павлодар облыстарында келесі жылдың соңына дейін 90 мың шаршы метр тұрғын үй салып, 1400 отбасыға пәтер кілтін табыстау жоспарда бар. Оны жүзеге асыруға компания 10 миллиард теңге бағыттап отыр.
– Қостанай облысында Топ қызметкерлерінің саны 22 мыңнан асып жығылады. Олардың үштен бір бөлігі – жас мамандар – Қазақстанның болашағы. Сондықтан жастардың жұмысы мен өміріне ерекше жағдай жасағымыз келеді. Біз жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыра отырып, әкімдікпен бірге тұрғын үй құрылысын жүзеге асыруға мүмкіндік берген мемлекеттік бағдарламалар үшін Елбасымызға алғыс білдіреміз, – дейді Алдияр Қазтаев.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ