Мектепке жаңа тыныс
Рудныйдағы №18 орта мектеп оқу жылы аяқталмастан күрделі жөндеуге жабылды. Осыған орай балалар төртінші тоқсаннан бастап, уақытша №5 гимназия мен №12 мектеп қабырғасында білім алуда.
Аталған мектептің іргетасы 1970 жылы қаланып, алғашқы оқушылары партаға бір жылдан кейін отырған. Міне, елу жылда ел жаңарса да, ғимарат бірде-бір күрделі жөндеу көрмепті. Енді, сәтін салса, биыл білім ордасы адам танымастай өзгермек.
Бүгінде құрылыс алаңында таңның атысынан кеш қарайғанға дейін жұмыс қызып тұр. Өйткені қала әкімі Қуандық Испергенов күрделі жөндеуді жоспар бойынша желтоқсанда емес, қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырған.
– Біз нысанды сәуірдің соңында қабылдап, бірден іске кірісіп кеттік. Он шақты күннің ішінде еден-шатырларды, есіктер мен терезелерді түгел бөлшектеп, инженерлік желілерді ауыстыра бастадық. Қазір негізгі күш қабырғаларды тіктеу мен әрлеуге, шатыр құрылысына жұмылдырылған, – дейді бас мердігер «Торгстроймонтаж» компаниясының прорабы Виталий Казимирчик.
Күрделі жөндеуді сапалы әрі уақытылы жүргізу үшін субмердігерлер шақырылған. Олардың бірі пластикалық есік-терезелер орнатса, екіншісі мектеп аумағын қоршап жатыр. Барлық жұмыскерлер саны 100-ден асады.
– Мектеп ұжымы мен ата-аналардың қуанышында шек жоқ. Көптен күткен жаңарту бізге де жетті. Шыны керек, соңғы жылдары шатырымыздан су кетіп, біраз әбігерге салған болатын. Біз оқушылардың жайлылығымен қатар, олардың сапалы білім алуына да жағдай жасауымыз керек. Сол себепті арнайы химия, физика, биология, робот техникасы және IT кабинеттерін жасақтау үшін облыстық білім басқармасына бюджеттік өтінім бердік. Ал, келесі жылдан бастап қара шаңырағымызда электронды кітапхана іске қосылады, – дейді №18 мектеп директоры Гүлсім Рахымбаева.
Алда атқарылатын жұмыс ауқымды. Ғимараттың қасбеті декорпанельмен қапталады, еденге линолеум төселіп, жарықтандыру, кәріз, желдету, сумен және жылумен жабдықтау желілері жаңартылады. Мектеп аумағын абаттандыру мен көгалдандыру да жоспарда бар. Атап айтсақ, 62 көк шырша, қарағай мен қайың көшеті отырғызылады. Балалардың спортпен айналысуы үшін шағын футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, ал шағын орталық бүлдіршіндеріне арнап ойын алаңы салынбақ. Жоба бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус, арнайы сызық белгілер мен әжетхана салу қарастырылған.
Айта кетейік, күрделі жөндеуге облыстық қазынадан 602 млн теңге, ал авторлық қадағалау мен жобалық-сметалық құжаттамаға 112 млн теңге бөлінген.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ.