Еліміздің сара жолы
Қазақстан халқы 1 желтоқсан күні еліміз үшін елеулі оқиға – Тұңғыш Президент күнін атап өтеді. Осы мерекенің шығу тарихы, маңызы мен мәні қандай деген сұрақтар қай-қайсымыздың болмасын көкейімізде тұрары сөзсіз. Тәуелсіз Қазақ елінің бүгінгі тарихына көз жүгіртсеңіз, Елбасымыздың өмірімен тікелей байланыста ажырағысыз екен. Оның өмір жолын қарасаңыз еліміздің Тәуелсіздігінің тарихымен танысасыз. Сонау 1991 жылғы 1 желтоқсанда, алғаш рет елімізде жалпыхалықтық сайлау өтіп, егемен Қазақстанның негізін қалаушы Н.Назарбаев Президент болып сайланып, халық алдында Ант берді. Міне, сол жылдардан бері Елбасымыздың жүргізіп отырған салиқалы саясатының нәтижесінде бүгінгідей ынтымақ, бейбіт өмір сүріп отырмыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында "Қазақстан–2030" стратегиялық бағдарламасы жазылғанын білеміз. Осы бағдарламада еліміздің тұтастығы, қауіпсіздігі, халқымыздың әл-ауқаты, экономикасының дамуы, бәрі-бәрі нақты жазылған-ды. Стратегиялық бағдарламаны сол жылдары оқығанымызда бағдарламада айтылғандардың барлығы жүзеге асырылады ма екен деп де ойлаған шығармыз. Ал, енді бүгінде бәрі шындыққа айналуда. Рас, талай қиындықтар болды. Сол қиындықтарды жеңе отырып, батыл қадамдар арқылы елімізді дүниежүзіне әйгілі мемлекет ретінде танытып отырған – осы Елбасымыз.
Біз осы Тұңғыш Президент күніне орай жылда студенттермен, мектеп оқушыларымен, аудан оқырмандарымен түрлі іс-шаралар ұйымдастырып отырамыз. Еліміздің тарихы мен мәдениеті, жеткен жетістіктеріміз бен табыстарымыз, мемлекетіміздің, соның ішінде облысымыздың экономикалық, әлеуметтік, саяси дамуындағы оң өзгерістер туралы әңгіме айтып, кездесу, көрме, дөңгелек үстел секілді танымдық, әдеби, сұрақ-жауап, пікірталас бағытындағы шаралар өткіземіз. Әр шараның оқырмандарға берер тағылымы мол. Елбасымыздың "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауының жастарға деген нақтылығы мен ширақтығы ұнады. Әсіресе қаржылық, тұрғын үй сияқты мәселелерге байланысты нақты тапсырмалар берілді. Соның ішінде қаражат елдің экономикасы мен халықтың әл-қуатын арттыруға жұмсалуы керектігі айтылған. Президентіміз үнемі өзінің сөйлеген сөздерінде саяси және экономикалық мәселелермен бірге, тарих, руханият мәселелеріне де көңіл бөледі. Өзім кітапханашы болғандықтан, Елбасының бастамасымен 2004 жылы ұлттың тарихы мен мәдени құндылықтарын түгендеу үшін "Мәдени мұра" бағдарламасы қабылданғанына қатты қуандым. Бағдарлама аясында баспадан шыққан көптеген кітаптар кітапхана қорын толықтырды. Сонымен бірге кітапхана қорында Елбасының көптеген еңбектері бар. Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазылған кітаптар да аз емес. Мұндай еңбектер қай кезде де кейінгі ұрпаққа тарихи дерек көзі ретінде қолданылатын қазына болмақ. Осы шығармаларды студенттер, мектеп оқушылары үлкен сұраныста қолданады.
Жұмакүл ТЕМІРБАЕВА,
Қостанай қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің № 4 "Дорожный" құрылымдық бөлімшесінің бас кітапханашысы.