“Өзге тілдің бәрін біл…”
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Қостанай облысында мемлекеттік тілді орыстілді азаматтарға насихаттауға арналған шараларын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда Қостанай облысында өзге ұлт өкілдерінің саны басым. 1926 жылғы санақ бойынша Қостанайдағы 187776 адамның небәрі 11931-і, яғни 6,3 пайызы ғана қазақтар болған. Қазіргі уақытта мұндағы қазақтардың үлес салмағы 38,3 пайыз болса, славян ұлттарының саны 50 пайыздан көп. Ал Қостанай қаласындағы қазақтардың үлесі 50 пайызға енді жетті.Облыста қазақ тілінің жағдайын жақсарту мақсатында әлі де көптеген жұмыс атқару керектігі сезіледі. «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» атты бұл шара осы мақсатты алға қойды.
Басқосу барысында Қостанай облысы әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қазымбек Жармағамбетұлы осы мәселеге тоқталды.
«Қазақ тілі – осында тұрып жатқан күллі халықтың тілі. Кешегі орыстандыру саясаты қазақ тілінің дамымай, тұралап қалуына әсер етпей қоймады. Рас, солтүстік өңірдегі ағайындардың көбі ана тілін ұмыта бастады. Осындайда ел азаматтары жиылып, бір мақсат, бір мүдде аясында пікір алмасып, тілдің қолданыс аясын кеңейтуге күш жұмсауымыз керек. Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту орталығының дәстүрлі конференциясының берері мол. Соңғы жылдары өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеруге деген құлшынысы артып келеді. Мәселен, славян халқы өкілдерінің 800-ге жуық баласы қазақ мектептерінде оқып жатыр, сондай-ақ, «Тіл-дарын» атты орталығымыз жұмыс істейді», – деді ол.Шараның құрметті қонағы, қоғам қайраткері Дос Көшім де тіл мәселесіне келгенде бірігіп жұмыс істеуге шақырды.
«Тіліміздің ғылымға, әлемдік өркениетті мойындатуына жағдай жасау өз қолымызда. Статистикаға сенгенді ұнатпаймын, бірақ салыстырмалы түрде қарасақ, Қазақстанда әлеуметтік әл-ауқаты жөнінен ең төмені – қазақтар. Бір жағынан, шалқамыздан түсіп жататын жайбасарлығымыз тағы бар. Ал басқа елде тұрған қазақтарды пысық дер едім. Межеге жетер тұс белгілі. Өзімізден бастайық. Орыстілділер осы кезге дейін ұлтаралық қатынас тілі орыс тілі деп түсінеді. Бұл 1989 жылғы «Тіл туралы» заңның екінші бабында бар болатын. 1997 жылы бұл бап алынып тасталды, себебі екі адам арасындағы қатынас тілі заңмен бекітілмейді, ол халықаралық ереже бойынша адам құқығын бұзады. Ал бұлар соны айтып, әлі күнге дейін малданады. Елімізде қарым-қатынас тілі орыс тілі дегенді желеу етіп, шу шығаруға, қоғамдық пікір тудыруға құмар. Әр 10-15 жылда тілдің демографиялық жағдайы өзгереді, тілдік қажеттілік туады. Біз әлі күнге дейін 1989 жылы қабылданған заңмен отырмыз. 1997 жылы соның тек қана 1-2 бабын ғана ауыстырдық. Сол кездегі 40 пайыз қазақтың көрсеткіші қазір 70 пайызға жетті. Президент алдымызға асу қойды. Алайда, солтүстік аймақтың халін көрген кезде ойланып қалады екенсің», – деді Дос Көшім.
Қостанай облысындағы 600-ге жуық мектептің қазақ тіліндегісі 150-ден аспайды, аралас мектеп саны да 140-тың шамасында.
Қостанай облысындағы 600-ге жуық мектептің қазақ тіліндегісі 150-ден аспайды, аралас мектеп саны да 140-тың айналасы. Жиыннан соң Денисов ауданының тұрғыны, жиырма жылдық еңбек өтілі бар ұстаз Алексей Савичевті сөзге тарттық.
«Қазақ тілін үйрену өз қолымызда ғой. Өзім қазақша емін-еркін сөйлеймін. Мен тұрып жатқан Ильинка ауылында басым көпшілігі орыстар. Меніңше, болашағымызды ойласақ, қазақ тілін үйренейік. Екі немерем бар. Екеуі де мектепте оқиды. Оларға мемлекеттік тілді үйренудің артықшылықтарын айтып отырамын. Әрине, мұндағы орыстардың көптігін тың және тыңайған жерлерді игеру жылдарымен, Ұлы Отан соғысы кезіндегі ұлы көшпен байланыстыруға болады. Оның үстіне Ресей Федерациясының үш облысымен 1250 шақырымға созылған шекарасын тағы қосыңыз. Бұл факторлар шекаралас аудандардағы тұрғындарға қатты әсер етіп отыр»,- дейді ол.
Қостанай облысында өткізілетін жыл сайынғы конференция өзге ұлт өкілдерінің, қала берді, ана тілін білмейтін қазақтардың тілге деген ынта-жігерін оятып, талпыныстарын артыруды міндет тұтады. Әр аудан, қалада осы сипаттағы шаралар өту жоспарланған.