Денсаулыққа ден қойды

Қала әкімі Әмірхан Асанов денсаулық сақтау мекемелерін аралады. Алғашқы кезекте Арқалық өңірлік ауруханасында болып, жұмыс барысымен танысты. Сырқат жандардың жағдайын, медициналық құрылғылар жайын, дәрігерлермен қамтылу барысын сұрады. Мұндағы бір мәселе – ішкі жылу жүйесіне жөндеужаңарту жұмыстары жүргізілу керек.
«Жанұя» медициналық орталығы тек қалаға ғана емес, көршілес Жарқайың, Аманкелді мен Жанкелдин аудандарына да қызмет көрсетеді. Дәрігер-мамандармен толық қамтылған. «COVID – 19» дертіне қатысты сынамалардың нәтижесін шығаратын зертханалық орталық, Абай даңғылы, 76 үйде (Торғай гуманитарлық колледжі жатақханасы, 1 қабат) қолға алынған вирусқа қарсы екпе салу жұмыстары, Арқалық аймақтық емханасы мен Отбасылық дәрігерлік амбулатория жұмыстарымен де әкім танысып шықты.
Аймақтық емханаға 20 бөлімше бойынша 34 500 адам тіркелген. 38 дәрігер жұмыс істейді. Денсаулық мекемесіндегі басты мәселе – ғимараттардың талапқа сай еместігі. Емхана қызметтерін төрт бөлек жерде отырып көрсетуге мәжбүр.
Бұл мәселе көп ұзамай түбегейлі шешілмек. Жұмысын тоқтатқан Торғай боксит кен басқармасының қала орталығындағы босаған әкімшілік ғимаратын емханаға беру жоспарланған. Осыған орай, қала басшысы болашақ емхана болатын ғимаратты жөндеуден өткізуге қаржы қарастыруға қажетті құжаттарды жедел әзірлеуді тапсырды.
М.БЕКЕТҰЛЫ.
Арқалық қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓