Түсіндіру жұмыстары жалғасады
Облыс әкімдігінде коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Штаб отырысы барысында Лисаков қаласы мен Жітіқара ауданы әкімдерінің есебі тыңдалды. Мұнан кейін мониторинг топтарының жұмысы қарастырылды. Мониторинг топтары 2021 жылғы 1 наурыз бен 12 мамыр аралығында 3 485 рейд өткізді, 152 карантин талаптарын бұзу дерегі анықталды.
«Бүгінгі күні облысқа вакциналардың бірінші компонентінің 90 мың дозасы және екінші компонентінің 59 мың дозасы жеткізілді. 2021 жылғы 12 мамырдағы жағдай бойынша барлығы 66 463 адам екпе салдырды, оның ішінде 22 454-і екінші компонентін алды.
Бұдан басқа, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзуға жол бермеу мақсатында «Ashyq» жобасына қатысатын объектілерге мониторингті қамтамасыз ету қажет», – деді жиында облыс әкімі А.Мұхамбетов.
Аймақ басшысы кәсіпкерлік субъектілерінің өтінім беру қарқынының төмендігін ескере отырып, қала және аудан әкімдеріне осы бағыттағы жұмысты күшейтуді және жеке бақылауға алуды, сондай-ақ осы бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Еске сала кетейік, өңірде «Ashyq» мобильді қосымшасын енгізу бойынша жоба басталды. Бүгінгі күні Қостанай облысы бойынша «Ashyq» жобасына қатысу үшін 166 өтінім берілген.