«Өлкеден шыққан тарландар»

Осындай атаумен Арқалық қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде жерлестеріміз, белгілі жыр жампоздары С. Тұрғынбеков пен К. Мырзабековтің 75 жылдық, Әбжан Әбілтайдың 70 жылдығына орай ұйымдастырылған мерейтойлар көрмесіне танымдық сағат өткізілді.
Ақын, журналист, аудармашы, драматург, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбеков «Қобыз», «Көкейкесті», «Торғай толғауы», «Жүрегімнің сәулесі», «Тыңда түлегендер», «Кеш келген көктем», «Жерорта» және т.б туындылардың авторы. Оның аудармасымен А.Твардовскийдің лирикалық өлеңдері «Перзент сыры» деген атпен, «Бауырлас жырлар» сериясы бойынша П.Богдановтың «Москва үшін шайқас» поэмасы оқырмандар қолына тиді.
Кеңшілік Мырзабеков 1966-1989 жылдары “Коммунизм таңы” (қазіргі “Қостанай таңы”) газетінде қызмет атқарды. Ақынның “Іңкәр дүние” атты алғашқы жыр жинағы 1972 жылы баспадан шықты. “Сәруар”,“Революция перзенттері”, “Қасиетті қас-қағым”, “Дәуір – дастан”, “Ауыл мен астана”,“Балалық шақ балладалары”, “Бір мысқал”, “Жолға салдым көшімді , “Менің мұңым – махаббат” атты өлеңдер жинағы жарық көрген. Ол Е.Евтушенконың “Менің шешем және нейтрон бомбасы”, “Фуку” атты поэмаларын қазақ тіліне аударды.
Әбжан Әбілтайдың әр жылдары «Жалын» баспасынан «Қарлығаш», «Көктем бояулары», «Жазушы» баспасынан «Жүрекжарды» атты кітаптары шықты. Ақын соңғы жылдары көркем аудармаға да атсалысып келеді.
– Танымдық шарамыздың мақсаты – қоғамымыздың рухани жаңғыруына әсер ететін еңбектерді және тарихымыздағы ұлы тұлғалардың өнегелі өмірін насихаттай отырып, келешек ұрпақтардың ұлы бабаларының есімін ерекше құрмет тұту. Қарымды қаламгерлеріміздің өмірі мен шығармашылығын оқырмандарға таныстыру, – дейді кітапхана библиографы Сандуғаш Садуақасова.
Мұрат
 Жүнісұлы
Арқалық қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓