Ант – ел аманаты
Қостанай қаласында орналасқан ҚР Ұлттық ұланы №6697 әскери бөлімінің 241 жас сарбазы Отанға және халқына адал болуға ант беріп, қатардағы жауынгер атанды.
Қостанай облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Қалмақов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғазиз Бекмұхамедов, №6697 әскери бөлімінің командирі Қайрат Берсүгіров ант қабылдау салтанатына жиылған қонақтарды, ата-аналарды, сарбаздарды құттықтап, өздерінің жылы лебіздерін айтып, игі тілектерін тіледі.
Еліміздің әр өңірінен жеткен жауынгерлер әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының әнұранын шырқады. Ант қабылдау рәсімін көрмек үшін алыстан ат терлетіп келген ата-аналары сөз сөйлеп, әскери бөлім басшыларына лебіз тілектерін жеткізді.
Дәурен Қадыров Алматы облысынан келіп отыр. Оның айтуынша, әр сарбаз елін, жерін қорғап қана қоймай, мемлекеттің дамуына өз үлесін қосуы тиіс.
– Бала күнімнен ішкі істер органдарында қызмет етуді армандайтынмын. ҚР Ұлттық ұланы №6697 әскери бөліміне түскеніме қуаныштымын. Болашақта беделді офицері болсам деймін. Ант қабылдау – Отанға қызмет жасау, мемлекеттің мүддесін, ҚР Конституциясын, еліңді-жеріңді, айналаңды қоршаған азаматтар мен туған-туысыңды қорғау. Еліңнің, республикаңның нағыз азаматы болу. Біз үшін ант қабылдау салтанаты күні мәңгі есте қалары сөзсіз. Заң мен тәртіпті сақтаумен қатар аса мәдениетті, білімді, еңбекқор, өмірдің небір жағдайы мен қиыншылық сәттерде сабырлылық сақтап, байыппен шешім қабылдауға үйренеміз, – деді жас сарбаз Дәурен Қадыров.
Суреттерде: ант беру рәсімінен көріністер
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай
Жарайсың!!!