Журналистермен жүздесті
Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңның орнына Бұқаралық коммуникация құралдары туралы заң қабылданбақ. Бұл туралы Қостанайда журналистермен кездесуде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңның көптеген баптары ескірген, заман талабына сай келмейді.
«Қазір жалған ақпараттың көп таралуы өзекті мәселе болып тұр. Ол мемлекеттің қауіпсіздігіне де қауіп төндіретіні ақиқат. Сондықтан, жаңа заң осы мәселені реттеуі тиіс. Заң жобасы қоғам назарына, сіздерге талқылауға ұсынылады. Артық-кем тұстарын бірге қараймыз», – деді Аида Балаева.
Жүздесуде облыс басылымдары мен телеарналарының басшылары да сөз алды. «Қостанай таңы» газетінің директор-бас редакторы Жанұзақ Аязбеков тілшілер қауымының ел тәуелсіздігін нығайтуға қосқан үлесін айтып өтті.
«Бүгінгі мемлекет саясатының негізгі өзегі – ішкі тұрақтылық. Оны халыққа насихаттап отырған ақпарат құралдарының басты ұстанымы осы», – деп сөзін түйіндеген басылым редакторы министрге биыл ғана жарық көрген қос кітабын тарту етті.
Жиын соңы марапаттау рәсіміне ұласты. «Qostanai» телеарнасының директоры Ербол Ипбергенов пен «Костанайские новости» газетінің бас редакторы Олег Гурский министр қолынан Құрмет грамотасын алды.