ӘКІМДЕР РЕЙТИНГІ: А.Мұхамбетов 2-орында
Облыс әкімдерінің 2021 жылғы қаңтар айындағы рейтингі шықты. Toppress.kz ақпараттық порталы жариялаған мәлімет бойынша, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов 2-сатыдан көрінді.
"Стратегиялық маңызы бар шекара маңы өңірлерінің бірі ретіндегі Қостанай облысының тұрақты дамуы Ресей Федерациясының шекаралас аумақтарымен ынтымақтастықта индустриялық-өнеркәсіптік кластер құру жөніндегі жұмыстың дұрыстығын дәлелдейді. Дәл осы Қостанай облысы қазіргі уақытта ЕАЭО құрамында болудың қандай пайдасы болатынын көрсетіп отыр. Мұнда машина жасау кластерінде жаңа өндірістер құру, өнім экспорты, өңдеу және жеңіл өнеркәсіпті дамыту оң жолға қойылған", – делінеді сараптамада.
Мұнымен қоса, астықты аймақта тұрғын үй құрылысы көлемінің артқаны, облыс бойынша 417 мың шаршы метр баспана берілетіні алға тартылған. Сондай-ақ, облыста өнім өндірудің жалпы көлем индексінің барлық көрсеткіштері бойынша өсім байқалғаны назарсыз қалмаған.
"Әдеттегідей, өңір автоөнеркәсіп, металл илемдеу, асбест өндірісі, ұн және сары май, шұжық өнімдері өндірісі жөнінен көш бастап тұр. ШОБ саласында 52 мың субъект бар – олар жалпылай алғанда 805 млрд теңгенің өнімін шығаруға қауһарлы. Жалпы, өңірде азық-түлік тауарлары бағасының өсуі байқалады, алайда бұл өңір бойынша жалақының өсуімен де өтеледі", – делінген шолуда.
Ауыл шаруашылығы және аграрлық өндіріс облыстың экономикалық қуаты екені кезекті мәрте есепке алынып отыр. Сараптамада Арқалық өңірін дамыту жолдарын іздеу белсенділігі елеуге тұрарлық артықшылық екені сөз болады.
"Кейбір мәліметтер бойынша, Нұр-Сұлтан-Ақтөбе (Қорғалжын және Ырғыз арқылы) автожолының құрылысы болжанып отыр, бұл ERG компаниясының ТБКБ жұмысын аяқтап жатқан қаланың дамуына жаңа серпін берер еді", – делінеді рейтинг талдамасында.
Айта кетейік, рейтингті Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов бастап тұр. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов үздік үштікті түйіндейді.