Әкім ауылдарды аралады

Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов қалаға қарасты ауылдарды аралап, елдімекендердің тыныс-тіршілігіне жіті назар аударуда.
Ауылдарда қордаланған мәселелер баршылық. Мәселен, әкім алғашқы болып ат басын тіреген Фурманов тірек ауылында баубақша егілетін мезгілде ауыз су баяу ағады. Осыған орай, ауыл маңынан су көзін іздестіру, оның қоры мен сапасы жайлы арнайы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша скважина қою жағы қарастырылмақ. Сол сияқты, ауылдың ішкі жолы да жөндеуді қажет етеді. Желді күндері электр жарығы жиі сөніп қала береді. Ауыл тұрғындары қыс бойы қиындық көріп шықты. Электр желісін толық жаңғыртпаса болмайды. Ал, Үштөбе ауылындағы басты мәселе – ауыз су. Ауыл іргесіндегі бөгеттің де жағдайы сын көтермейді. Су шаю қаупі бар. Сондай-ақ, мектептің төбесінен тамшы ағады. Бұл ауылға ауыз су тартуға қаржы бөлінген. Биыл жұмыс басталуы қажет. Мектептің төбесі жөнделген. Қатты желге төтеп бере алмағандықтан, жұмысты атқарған мердігердің күшімен қалпына келтіру шаралары қарастырылуда.
Мұнан бөлек, қала басшысы Терісаққан бағытындағы Целинный, Молодежный, Жалғызтал ауылдарында да болып, мектеп, әкімшілік, медициналық пункт, мәдениет үйі, кітапхана сынды нысандарды аралады. Жергілікті серіктестік басшыларымен жүздесіп, жасалып жатқан жұмыстарды көріп, мәселелеріне ден қойды.
Жалпы, бұл бағыттағы ауылдардың басындағы ортақ мәселе – ғаламтордың жоқтығы. Ауылдарға ұялы байланыс орнатумен айналысқан ұйымдармен байланысқа шығу мүмкін болмай отыр. Алдағы уақытта мердігер тараптан кеткен олқылықты қалпына келтіріп, аталған өңір тұрғындарын сапалы ғаламтормен қамту жұмыстары жалғасын таппақ.
Мұрат
 Жүнісұлы
Арқалық қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓