«Ashyq» пилоттық жобасы – Қостанайда

Жобаның игілігін көруде
Коронавирус індеті елімізге келген сәттен бастап бизнес субъектілеріне қатаң шектеу салынды. Мүлдем жабылып тұралап қалғандары да жетерлік. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында балама ретінде эпидахуалды жақсарту үшін Қазақстанның бірқатар өңірлерінде «Ashyq» пилоттық жобасы іске қосылды.
Жобаның басты мақсаты – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Індетті жұқтырған азаматтарды дер кезінде анықтап, шағын және орта бизнес орындарында яғни адам көп шоғырланатын жерлерде адамдарды қауіпсіз түрде ажыратуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта пандемия жағдайында қоғамдық орындар, мейрамханалар, фитнес клубтарының қызметі қауіпті. Осыған байланысты Қостанай қаласында аталмыш жобаны алғашқылардың бірі болып «Прогресс» фитнес клубы іске қосты. Жеке кәсіпкер Маргарита Алтымбаева «Ashyq» пандемия жағдайында бизнесті сақтап қалуға мүмкіндік беретін бірден бір жоба екенін айтады.
– Мен «Ashyq» пилоттық жобасы енгізілгенін білген бойда бірден «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгіндім. Қажетті кеңестерді алғаннан кейін «Прогресс» фитнес клубы жобаға қосылды және бізге QR коды берілді. Біз үшін бұл шектеу шаралары кезеңінде жұмысты жалғастырудың оңды шешімі. Сонымен қатар, мобильді қосымшасы арқылы вирустың таралу қаупін азайтады және инфекцияға әкелетін байланыстарды жояды. Бұл уақытылы іске қосылған қосымша және өте пайдалы, – дейді жас кәсіпкер Маргарита Маратқызы.
 
Бұл жоба несімен ерекше, пайдасы қандай?
Келушілерге статус ПТР зерттеулерінің бірыңғай интеграциялық порталы арқылы және ҚР Денсаулық Сақтау Министрлігі жанындағы Covid-19-ды бақылау орталығы ақпараттық жүйелерді салыстыру негізінде тағайындалатын көрінеді.
«Ashyq» жобасы арқылы адам көп жүретін аумаққа, қоғамдық орындар мен мейрамханаларға келушілерді тіркеуге арналған. Әр қоғамдық орындардың кіреберістерінде қолданушы арнайы QR-кодты сканерлеу арқылы нысанға келушінің статусын анықтауға мүмкіндік береді. Нақтырақ айтсақ, коронавирус індетін жұқтырған немесе жұқтырмағанын көрсетеді. Мұның барлығын қарапайым смартфонның көмегімен жүзеге асыруға болады.
Сондай-ақ, ол түстерге бөлінеді. Мәселен, ПТР-тестін тапсырып, оң нәтиже шыққан адамға қызыл түс беріледі. Ондай науқас үйде оқшаулану режимін қатаң сақтауы тиіс. Ал, жасыл статус арқылы адамның ПТР-тестін тапсырып, теріс нәтиже бергенін айқындайды. Көк статус ол ПТР-тест тапсырмаған бірақ індетті жұқтырған адамдармен байланыста болмағанын көрсетеді. Бұл кез келген жерге кіруге болады деген сөз. Сары статус індет жұқтырған адамдармен байланыста болғанын анықтап береді.
 Бұл QR-код тек бизнес субъектілеріне ғана беріледі. Кәсіпкерлерге бұл кодты алу үшін ең алдымен «Info Kazakhstan.kz» cайты арқылы өтініш білдіру қажет. Жоба талаптарына сәйкестікті тексергеннен кейін жеке кабинетте код пайда болады. Ол код арқылы қосымша мен сынақ режимінде бір апта бойы жұмыс істеуге мүмкіндік туады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓