Жерде жетім жыламасын
Рудныйда 2018 жылдың басынан бері 109 жетім бала өзіне қамқор болатын отбасы тапқан. Бұл туралы Қостанай облыстық мәслихатының тұрақты комиссиясының отырысында айтылды.
Кезінде асқақ ақынымыз Мұқағали Мақатаев: «Бақыт деген – сенің бала күндерің», – деп жырлаған екен. Расында, қамсыз, мұңсыз, қызықпен өткен сол бір кездер бақытты балалық шағымыз еді ғой. Алайда, тағдыр тәлкегіне ұшырап, балдай тәтті балалық шағында батпандай ауыр мұң арқалап, жанары жаутаңдаған жәудіркөздер сол бақытты сезініп жүр ме? Үкімет қамқорлығы қанша жерден қайырымды болғанымен, ата-анасының аялы алақанын алмастыра алмайтыны анық.
Бүгінде Рудныйдағы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 4 мемлекеттік мекемеде 368 бүлдіршін тәрбиеленуде. Бұдан бөлек, патронаттық тәрбиеге 16, ал уақытша қамқор отбасына 174 бала алынған. Өкінішке қарай, қанша жерден жүйелі жұмыс жүргізілгенімен, көрсеткішті азайту мүмкін болмай отыр. Өйткені, бір бала отбасын тауып жатса, екіншісі одан айырылуда.
– Қаламызда 2018 жылдың қорытындысы бойынша, ата-ананың қамқорлығынан айырылған 54 бала анықталды. Оның 2-і асырап алынса, 17-сі отбасы қамқорлығына берілді. Тағы 11 баланы ағайын-туыстары бауырына басты. Ал биыл анықталған 18 баланың 8-і ғана отбасылық тәрбиеге қайта оралды, – дейді Рудный қаласы әкімінің орынбасары Елена Скаредина.
Дегенмен соңғы 1-2 жылдықта бала асырап алуда оң тенденция байқалып келеді. Бұл – әкімдіктің, жауапты мекемелер мен БАҚ-тың бірлесіп атқарған жұмысының жемісі.
Мысалы, Рудныйдағы №1 арнайы мектеп-интернаты мен балалар үйінің базасында Асырап алушы ата-аналар мектебі ашылған. Ал осы мекемелердің сайтында тәрбиеленушілердің өмір тарихымен және шығармашылығымен танысуға мүмкіндік қарастырылған. Сайттың «Ата-анаға көмек» блогында тұрғындар балалар үйіне келмей-ақ, білікті психолог маманның кеңесін ала алады. Мекеме ұжымы – Рудный сандық телеарнасындағы «Сізде бала болады!» бағдарламасының да тұрақты қатысушылары. Республикалық мәліметтер базасы да отбасылардың қашықтықтан рудныйлық бүлдіршіндердің «пайдасына» таңдау жасауына мүмкіндік беруде.
Комиссия отырысында Рудныйлық №1 мектеп-интернаттың директоры Ирина Дмитриева, білім бөлімінің бас маманы Юлия Бойко, Қостанай облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Баймақанова балалар құқығын қорғау бағытындағы қолға алынған жұмыстардың жіпке тізіп берді.
Әрине, жетім бала мәселесін түбегейлі жойып тастау мүмкін болмай отыр. Осы орайда, мәселенің себеп-салдарына назар аударған жөн. Түсіндіру жұмыстарын мектеп, колледж, ЖОО-нан бастап, отау құрған жас отбасыларға дейін дер кезінде көмек пен кеңес беріліп отырса, «кеселдің» алдын алуға жол ашылмақ. Комиссия мүшелерінің қорытынды пікірі осыған саяды.
Сапар барысында Қостанай облыстық мәслихатының бір топ депутаты балаларға арналған бірқатар мекемелерді аралап, қордаланған мәселелерді дәптерлеріне түртіп алды. Сондай-ақ, халық қалаулылары 6 жетім баланы бауырына басқан Жигулиналардың отбасында қонақта болды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ