Ешкім ешқашан ұмытылмайды

Нағашы атамыз Жапарғали Оразбеков 1914 жылы Меңдіқара ауданының Шиелі ауылында туыпты. 1942 жылдың 19 қантарда 28 жасында әскер қатарына сержант атағымен соғыс майданына аттанады. Әскерге аттанарда біздің анамыз Зәуреш Жапарғалиқызы небәрі төрт жаста болған екен, анамыздың айтуы бойынша әкесі есіктің көсігіне бойын өлшеп “мен келгенде қалай өскеніңді көремін” деп белгілеп кеткен көрінеді. Бірақ әкесі сол кеткеннен оралмайды. Анамыздың айтуынша, әкесімен Меңдіқара ауданынан бір орыс кісі бірге аттанған екен, ол кісі майданнан оралыпты, анамыз әкесі жайында сұрап барғанда “екеуімізді екі жаққа бөліп жіберді, мен аяғымнан жарақат алып елге оралдым, сол бөлінгеннен әкеңді көрмедім” деген екен. Нағашы атамыздың Оразбеков Молдағали деген ағасы болды, анамыз қыдырып барғанда “мынау сенің әкең” деп осы жалғыз фотосын ағасы берген екен, ол кезде біз кішкентай болдық, анамыз әкесінің суретін жататын бөлмесіне айнамен бірге қатар іліп қойды, айнаға қараған сайын “мынау менің әкем, соғыстан оралмады, сендердің нағашы аталарың” деп айтып отыратын. Мінекей, сол анамыз әкеміз Досанмен отбасын құрып төрт ұл, төрт қыз өсіріп, барлығымыз ер жетіп үйлі болдық, балаларының алды – ағамыз 60 жаста, кіші ініміз 45-те. Ата-анамыздың да өмірден озғандарына біраз жыл болса да осы 9 мамыр Ұлы Отан соғысының 76 жылдығына қарай нағашы атамызды еске алып, ол кісінің де ұрпақтары бар екенін білдіргіміз келді. Нағашы атамыз Жапарғалидан тараған немерелері Қаратал совхозының Құлышқай ауылында тұрады, шешемізді танитын бауырлары болса араласып танысуға біздер қарсы емеспіз. Ұлы Жеңістің 76 жылдығы баршамызға құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Төлеген Брахметов,
жиен немересі.
Құлышқай ауылы,
Меңдіқара ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓