Елден шыққан алғашқы барлаушы

Әлемді қайғылы қара хабарымен дүр сілкіндіріп, аждаһадай ажал отын шашқан XX ғасырдың ең сұрапыл, ең қайғылы, ең қасіретті оқиғасы – Екінші дүниежүзілік соғыс. Соғыс оты шарпымаған жанұя, қаралы хабар алып, қайғы жұтқан жан қалмаған шығар. Осындай сұрапыл соғысқа қазақ елі де қарсы тұрды. Біздің елден аттанған жауынгерлер ерекше ерлігімен, қайтпас қайсарлығымен көзге түсіп, майдан даласында қасық қандары қалғанша шайқасты. Олар ұлтарақтай жер үшін бір адым да шегінбеді, бастарын өлімге тікті, бірақ фашист басқыншыларынан елімізді сақтап, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Осындай адам айтса сенгісіз ерлік-ке барған жерлестеріміз кімдер еді? Кейінгі ұрпақ, яғни біздер аттары тарихта алтын әріппен жазылған батырларды білеміз бе? Олар кімдер?
Біздің ауданнан да алты жүздей адам соғысқа қатысып, жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосқан екен. Оларды майданға Сталиннің қаһарынан да берік, коммунистік идиологияның сенімінен де қымбат сезім аттандырды. Олар жарының етегіне, жал-ғызының жағасына жаудың қолы тимесін деп қан төкті. Сондай жандардың бірі – менің сыныптас досымның атасы Нұрхан Тәукенұлы. Ол кісі 1922 жылы ескі атаумен Жаңа ауыл аудандық кеңесінде кедей шаруа отбасында дүниеге келген. 7 сыныптық білім алған атамыз 1942 жылы армиялық есепке ілінеді. Соғыста Нұрхан ата 120-шы ерекше барлау полкіне жіберіледі. Сол жылдың желтоқсан айында соғыстың от жалынына оранып тұрған №159-ыншы Бірінші Украина майданына түседі. Бұл біздің әскер үшін өлім мен өмір сынға түскен майдан болыпты. Ардагер атаның естелігін оқи отырып, төмендегі дерекке көзім түсті. "Майдан шебі батысқа қарай баяу жылжып бара жатты. Әр село, әр төбе үшін кескілескен ұрыс болып, адам шығыны да аз болған жоқ. Оның үстіне желтоқсан айы күрт суытып, жағдай тым ауырлаған кез еді. Біздің батальон қалың орманды бекіністе ұзақ тұрып қалды. Жыңғылды төбешіктердің бауырына бекінген жау бөлімдері бізді алға жылжытпай қойды. Әсіресе, қылт еткендерді қағып түсіріп тұрған мергендердің қимылы аса қауіпті еді. Бұлардың ұясын тауып, көзін жою бізге, барлаушыларға, жүктелген болатын".
Майдандағы батылдығы мен батырлығы үшін атамыз "Ерлігі үшін" медалімен "Қызыл жұлдыз" орденімен марапатталады. Бұл марапаттар ол кісіге тегін берілген жоқ. Жанын шүберекке түйіп, өліммен арпалысып жүріп алған марапат. Украинаның бірнеше қаласын азат етуге қатысып, атыс пен шабыстың ортасынан аман шыққан батыр немістердің қақ ортасына дейін барып, Дрезден қаласына жеткенде "Жеңіс туының" желбірегенін көреді. Сол қаһарлы жылдары қанды көйлек достарымен 24 рет "тіл" әкелу жорықтарына қатысып, өліммен талай рет бетпе-бет кездескен өлкеміздің тұңғыш барлаушы жауынгері. Барлау кезінде ақ қар, көк мұзды жастанып, 10-15 күн ашық аспан астында түнегендерін, көрген қиындықтарын ұрпақтарына айтып отырады екен.
"Қырық жыл қырғын болса да ажалсыз өлмейді" деген рас екен. Еңбекке де, бейнетке де төзімді ата қандай жұмыс болса да шыр көбелек айналдыра білген. Бөлімше жұмыстарын алға бастырып, жасының ұлғайған шағында қой бағуға шығады. Адал еңбегінің арқасында ел басына төнген тоқыраудан да отбасын қиналмай алып шыққан. Ұзақ жылғы еңбегінің арқасында зейнеткерлікке жетіп, ауыл, ауданның құрметті азаматы болған. Елге амансау келген ата өз ұрпақтарымен бақытты ғұмыр кешеді. Ол кісі 2014 жылы, 94 жасында өмірден өтеді, бірақ аты жас ұрпақ жадында.
Сұрапыл соғысқа қатысып, фашизмді тізе бүктірген қаһармандардың ерлігі мен жанқиярлық қайсарлығына басымызды иіп, тағзым етеміз. Елі үшін туған ерлер ешқашан ұмытылмайды. Олардың есімдері мәңгі жасайды, себебі осындай батырлардың ұрпақтары бар да қазақ елі мәңгі жасамақ.
Дамира Сейіткамал,
Жаңа ауыл жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы.
Үрпек ауылы,
Аманкелді ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓