Жаны жайсаң еді

1963 жылдың күзі. Минск қаласындағы Одақтық мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің арнайы мектебін тәмамдап келіп, осы органның Қостанай облыстық басқармасына әскери қызметке келген кезім еді. Басқарма бастығына әскери тәртіп бойынша келгенімді баяндағаннан кейін, мені осындағы тәжірибелі қызметкер майор С.Я.Ужанов кісінің қарамағына бірінші еңбек жолымды бастауға жіберді. Айта кетер бір жайт, бұл кісі соғысқа қатысып «СУ-76» танкілер полкінің командирі қызметін атқарған, бірнеше әскери ордендер және оннан астам медальдармен наградталған, ұжымда сыйлы, өте әділ, ұлтшылдық ауруынан таза және осы басқарманың бастауыш партия ұйымының хатшысы екен.
 Ол кісі: «Жұмабай, кіріп кетші», – деп бір кісіге телефон шалды. Көп кешікпей бөлмеге орта бойлы, қараторы, қою қара шашын артына қайырған, қалың қабақты орта жастағы кісі келіп амандасты. Мен орнымнан тұрып, әскери тәртіп бойынша сәлем бердім.
«Жұмабай, мынау мектебімізді бітіріп келген жас кадр, осыған өз тәжірибеңді үйретесің, өзің отырған кабинетке стол қойып жұмыс істеп, ұжыммен біте қайнасып кетуіне сен жауаптысың», – деді Сергей Яковлевич.
Бағыма қарай, Жұмабай Бержанов ақкөңіл, жайдары, қарқылдап күлгенде көмекейі көрінетін кісі екен. Мектепте алған теориялық дайындықтарымды тәжірибе түрінде іске асыруда осы екі кісінің маған сіңірген еңбектері зор болды. Бұлар менің есейгендегі ұстаздарым десем артық болмас.
Бір айтарым, соңғы кезде өткен ғасырдың 30-40 жылдарында нақақтан «халық жауы» атанып, атылып кеткен жерлестеріміздің абыройлы атағын қайыру жұмысын Жұмекең сол кезден-ақ бастаған жандардың бірі еді. Жазықсыз жандарды ақтау мәселесіне әлі де болса сарандық жасайтын басшылыққа, ол өз пікірін айтып, соны іс жүзіне асырғанша бір тынбайтын. Марқұм болып атылып кеткен жандардың көмілген жерлерін іздестіруде де ол көп жұмыстар істеді. Мұрағаттарда сақтаулы қылмыстық істердің материалдарымен танысып отырғанымда Жұмекеңнің осы кісілерді ақтау туралы жазған құжаттарын оқып, іштей риза болдым.
Бертін келе Жұмекеңнің інісі қатарында болып кеттім. Қаланың шет жағындағы «Геологтар қалашығы» деген шағын ауданда көрші тұрдық. Жеңгеміз Күзән адамға жақын, бүкпесі жоқ кісі екен, үш қыз, бір ұлы көз алдымызда есейіп, өз алдына үй болды. Өкінішке қарай, көзінің ағы мен қарасындай баласы Мейрам Алматыда жол апатынан қайтыс болды.
Жұмекеңнің соғыстағы досы Мирон деген кісінің атымен олар Мейрамды Мирон деп атайтын еді. Соңында қалған қос немере қазіргі ата-әжесінің сүйеніші, қалған өмірлерінің мақсаты.
Ал енді Жұмекеңнің өмірбаянына көз жүгіртсек, ол 1924 жылдың 4 қыркүйегінде бұрынғы Введен, қазіргі Меңдіқара ауданына қарасты «Ораз» деген елді мекенде, кедей шаруаның жанұясында дүниеге келіпті. 1942 жылы жасы 18-ге толар-толмаста, ол өзі сұранып соғысқа аттанады.
Бір жыл Орал әскери округінің 22 снайперлер полкінің курсын тәмамдағаннан кейін, 1943 жылдың қыркүйегінен 1945 жылдың желтоқсанына дейін Екінші Украин майданының құрамына кіретін, 105 гвардиялық атқыштар дивизиясының 349 атқыштар полкінде бөлімше командирі болып, Отанды қорғау борышын атқарыпты. Майданда көрсеткен ерліктері үшін Жұмекең «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» және басқа да көптеген әскери медальдармен марапатталыпты.
Кеңес әскери құрамында Чехословакияны, Австрияны, Венгрияны неміс-фашист басқыншыларынан босатуда жарақаттаныпты. Солардың ең ауыры – 1945 жылдың 23-наурызында Венгрия жерінде басынан ауыр жарақат алып, Будапешт қаласында ұзақ госпитальда жатуы, жас жауынгердің денсаулығын көп ойсыратып кетіпті. Сексеннен асқан қарт ардагердің құлағы ауыр, ұмытшақтық, адаммен қиын сөйлесуі – сол жарақаттың салдары дейді дәрігерлер. 1979 жылдың 4-шілдесінде республикалық КГБ төрағасына әскери қызметтен босату туралы жазған рапортында да ол соңғы кезде денсаулығының төмендеп бара жатқаны туралы жазыпты.
Бұл органға Жұмекең 1950 жылы келіп, 1952 жылы Ташкенттің арнайы мектебін бітіргеннен кейін, 1958 жылға дейін Түркмен ССР-нің Красноводск облыстық КГБ басқармасында қарсы барлау бөлімінде қызмет атқарыпты. Бұл саладағы табыстары туралы іс қағаздарында көрсетілген. 1958 жылы елге оралып, Қостанай облыстық КГБ басқармасында оперативтік бөлімде әртүрлі қызметтер атқарады. 1967 жылы Москва қаласындағы Одақтық КГБ-ның Жоғарғы мектебін сырттай оқып тәмамдайды. 1970 жылдан Алматы облысындағы Кеген аудандық КГБ бөлімін басқарады. Жұмекеңнің әскери қызметтегі нақтылы көрсеткіштері үшін алған оннан астам медалі бар. Бұл кісі әскери қызметін кіші сержанттан бастап, полковник шеніне дейін жеткен азамат.
Соңғы жылдары Жұмабай Қорғанбекұлы Қостанай қаласында жұбайы Күзән екеуі тұрды. Немере, шөберелері атасын, әжесін жақсы көрді, қолдарынан келген көмектерін көрсетті. Ананың ақ сүтін емген келіні, өзінің қызынан кем болмады. Ардагер Қостанай қаласының жанындағы бейітке жерленді.
Ғалихан Мәулетов,
ҰҚК құрметті ардагері,
Қостанай қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓