Отан үшін от кешкендер

Ел басына күн туып, елімізге жау аяқ басқанда сұм фашисті қасиетті туған жерге енгізбейміз деп қаншама ер азаматтар майданға жол салды. Ер жігіт етігімен су кешіп, от басқан, ат ауыздығымен су ішкен, сұр шинельді төсек етіп, ақ қар, көк мұз жастанып, жаумен шайқасқан майдангерлеріміздің арқасында Жеңіс туы желбіреді. Сол бір сұрапыл соғыс жылдары бір үйден үш бірдей азамат Отан қорғауға аттанды. Бүгінгі ұрпақтың мұны бірі білсе, бірі білмейді. Жеңісті желбіретіп әкелген ағайынды Жаркен, Қабдолла, Қабдыбек елге амансау оралған. Олардың өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі болатын оқиға.
Менің әкем Қалиев Жаркен 1905 жылы 13 лет Октября колхозының Құмсу (Лукьяновка) селосында туған. 1941 жылы Семиозер аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен Ұлы Отан соғысына аттанды. Елге оралған соң Ноғайкөл колхозында мал шаруашылығында еңбек етті. Өмірінің жалғасы немере-шөберелері өсіп келеді. Әкем 1986 жылы қайтыс болып, Ноғайкөл ауылында жерленген.
жаркен1
Қалиев Қабдолла 1918 жылы 5 желтоқсанда Құмсу ауылында дүниеге келген. 1939 жылы студент болып жүргенде, Семиозер аудандық әскери комиссариатының шақырумен әскер қатарына алынады. Ұлы Отан соғысында1941 жылы 1СП құрамында, 7 гвардиялық СД мергендер взводында бөлім командирі бола жүріп талай шабуылдарға, ұрыстарға қатысқан. Екі рет жаралы болып, 1944 жылы тамызда жарақаты бойынша елге оралған.
“1941-1945 жылдар Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін” медалімен марапатталған. Туған жеріне оралғаннан кейін Первомай селосында халықтық депутаттар кеңесінің председателі болған. 1955 жылы Ноғайкөл ауылында Тимофеев совхозрабкопында ауылдық дүкен басқарушысы болып қызмет атқарған.
Құдай қосқан жары екеуі сегіз бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде 20 немересі, 22 шөбересі бар. Ардагер 1974 жылдың 4 маусымында дүниеден өтті.
кабдолла1
Қалиев Қабдыбек 1920 жылы 25 майда Құмсу ауылында дүниеге келген. 7 кластық білімі бар. Өзінің еңбек жолын туған жерінде бастаған. 1940 жылы Семиозер аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен Қызыл әскер қатарына алынады.
Ұлы Отан соғыс жылдарында 150 атқыштар дивизиясының қатарында талай шабуылға қатысқан. 1942 жылдың май айында жараланады. 1948 жылы елге оралады. Соғыстан кейін түрлі қызмет орындарында қызмет атқарады. Семиозер ауданында дүкенші, мектеп және жол бөлімінің завхозы, аудандық ішкі істер бөлімінің күзетшісі болып еңбек еткен.
1949 жылы Мензипа Спандиярқызымен отау құрып, өмірге сегіз бала әкеліп, тәрбиеленген. Аллаға шүкір, немере-шөберелері өркен жайып келеді.
1988 жылы зейнетке шыққан.
“1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін” және “Тың жерлерді игергені үшін” жеті атаулы медальдарымен марапатталған.
Қалиев Қабдыбек 1955 жылдың 20 тамызында өмірден озып, өзінің туған жері Әулиекөлде жерленген.
кабдыбек1
Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында әруағы риза болсын деп әке-ағаларымды еске алып, аттарын атап өтуді жөн көрдім.
Хасен ЖАРКЕНОВ, зейнеткер
Әулиекөл ауданы
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓