Отан үшін от кешкен
Ұлы Отан соғысының ардагері Алдаберген Қасқаұлы ақсақал биыл бір ай бұрын 95 жасқа толды. «Кәрілік кемшілік емес, Алланның берген кеңшілігі» деген бұрынғылар. Сол кеңшілікті пайдаланып, 95 жасқа келсе де, артындағы ұрпағына, жастарға өнеге болсын деп екі естелік кітап жазды. 2009 жылы шыққан «Тағылымды ғұмыр» кітабында Алдаекеңнің 80 жыл жасаған өмірінің тәжірибесі, өмір өткелдері, жетімдіктің, жоқшылықтың зарын тартқан бала мен Отан соғысына қатысқан жауынгер, отбасының пірі, 11 бала тәрбиелеп өсіріп, ел қатарына қосқан әкенің ұрпақтарына берген үлгі-өнегесі сөз болады. Ал, өткен жылы жарық көрген «Ғасырға жуық ғибрат ғұмыр» кітабында тоқсаннан асқан қарияның өмір жолы, ой толғаныстары, балаларының өздері туралы естеліктері мен ата-анасы, туған-туысқандардың жылы лебіздері, ғибратты ғұмырдың әр сәттерін еске түсіретін суреттер мен Шымболат руының Байсарыдан тарайтын ұрпақтарының шежіресі берілген.
Кітаптардың соңғы беттерін парақтап отырмын. Бақыт әркімге әртүрлі жолмен келеді. Біреуі кәсіптен, енді біреуі жолдасынан, тағы біреуі баласынан тауып жатады. Оның кереметі сол, оны тек көріп бағалай алатындар түсінеді. Жалпы бақытты адам деп уайым-қайғысыз, мұңсыз адамдарды ғана атайды.
Қайғы-қасірет көріп бақытты болатын жандар да жетерлік. Жастайынан өмірдің ауыр тауқыметін бастан өткерген Алдаберген ақсақал: «Бақытты баладан таптым», – дейді. Алдаекең өзі туралы: «Мен, Сарықопа болысы, Торғай уезіне қарайтын Қоңыраулы өзенінің бойында, Саға деген жерде 1926-жылы туыппын. Әкем Бейсенұлы Қасқа бай тұқымынан болғандықтан, 1928 жылы ағасы Нұрхан екеуін, мал-мүлкін конфескелеп өздерін жер аударады. Әкем сол жолда Медет (Көкиық) деген жерде қайтыс болыпты. Әкемнің ағасы Нұрқан да осы жолда, осы маңайда қайтыс болыпты. 1931-32-жылдары аштық болып, шешем Үкітай Қобланқызы да қайтыс болды. Үш жасымда әке-шешеден айырылып, нағыз жетім атандым. Менің жағдайымның нашар екенін естіген нағашым мені Торғайдың жетім балалар үйіне апарып тапсырады. Торғайда бір жыл болып, сосын Қостанайдың балалар үйіне жібереді. 1934-жылы мені Қарабалық ауданының Фрунзе атындағы жетім балалар үйіне ауыстырды. 1939-40-жылдары елдің аштықтан аман қалғандары естерін жиып, туған-туыстарын іздей бастайды. Елде менің бірге туған ағам Қасқаұлы Бәшер қалған. Біздер Қасқадан 15 баламыз. Соның үлкені осы Бәшер, мен ең кішісімін. Ағам Бәшер жалғыз сиырын сатып, Қарабалыққа келіп, сол жерден мені тауып, мені елге алып кететінін айтады. Мен де туған жерді сағындым. Сарықопа мен Майқарау көлдері, Қоңыраулы мен Айтуар өзендері, Саға Құмшық, Шобан ауылдары көзіме елестейді. Аш-жалаңаш жүрсем де туған жердің топырағының ыстығы, табиғатының сұлулығы маған ерекше күш-қуат беретін сияқты. Мен елге келгеннен кейін 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. 1942 жылы соғысқа менің туыстарым да аттанды. Олардың көбі 1943 жылдың аяғында Сталинград түбінде қаза тапты. 1943 жылдың күзінде маған да кезек келді. Мен 17 жастамын, Торғайдың әскери комиссариаты 30 адамды түйемен Аманқарағай станциясына әкеліп жүк пойызына мінгізіп Шұбаркөлге жіберді. Бізді 1944 жылдың наурыз айында соғысқа жіберді. Минскіде 5 күн соғыстық. Ең ауыры Одер өзенінен өту болды. Бізді Берлинге шабуыл жасауға дайындады. Бұл шабуылды «Генеральный штурм» деп атады.
Ұлы Отан соғысы 1418 күнге созылды. Осы қан майданда үнемі алғы шепте болып, Берлинге дейін бардым. Үш рет жараландым. Соғыс аяқталғаннан кейін мен тағы 6 жыл әскерде қалып, неміс жерінде әскери міндетімді атқардым. 1950 жылдан бастап Армения, Грузия жерінде болдым. 1950 жылдың 10 сәуірінде Андижан деген қаладан елге келдім. Соғыстағы еңбегім жоғары бағаланып 2-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ұлы Отан соғысының» 25 жылдық медалімен, көптеген әскери медальдармен бірге «Астанаға 10 жыл» медалімен марапатталдым» дейді қария.
Алдаберген ақсақал еңбекқор, қарапайым жан. Майданда батыр болса, еңбекте ер атанды. Ұлы Отан соғысынан оралған соң 45 жыл машинаның рөлінде отырып, 1 миллионға жақын шақырым жол жүрді. Ол жұмыста өз қамын ғана ойлаған жоқ, сол кездегі халықтың қиын жағдайын ескеріп, оларға керек-жарақты қаладан апарып берді. Жолаушылардан ақша алмай тегін тасыды. Аурусырқауларды емханаға апарып емдетті. Қолынан келетін көмегін халықтан аяған жоқ. Қиындықтан қорықпай ауырдың астымен жүріп, өзінің сүйіп таңдаған мамандығы шопырлықты өмір бойы әрі кәсібі, әрі нәсібі етіп құрметке бөленді. Соның арқасында жер көріп, халықпен танысып, өзін де танытты.
Алдаберген ақсақал туған жерін, кіші Отаны Қызбелді жанындай жақсы көреді. Балалық шағын еске түсіріп, туған жердің әр төбесі мен шоқысын, өзені мен қопасын, қыры мен сайын жыр қылып шертіп, шерін тарқатады.
Шындығында да қасиет қонған қастерлі де киелі Қызбел – асыл текті әулиелер, көсемдер, шешендер, батырлар мен билердің мекені. Не нәрсе болса да құнарлы топырақта өніп өседі. Бұл елдің жерінің асты шалқыған байлық. Тауы, тіпті әрбір тасының қатпарлары сырға толы, киелі де қасиетті. Рас, өтпелі кезең кезінде қызбелдіктер де қатты тарықты. Бірақ текті жердің ұл-қыздары тез естерін жиды. Табиғатынан талантты ел екенін танытып, жаңа жағдайға тез бейімделді. Осындай қасиетті жерден шыққан ерлі-зайыпты Алдаберген мен Жәмила (Ақбала) да қара жаяу жандар емес. Олардың өмірге 11 бала әкелуінің өзі үлкен ерлік. Әрине, олар бұл күнге оңайлықпен жеткен жоқ. Еңбектері жанып, балалары өмірден таршылық көрмей өсіп, оқып, қалаған мамандықтарының иесі болды.
– Мен 1950 жылдан бастап көліктің рөлінде барлық өмірімді өткіздім десем де болады. Оңтүстік Торғай экспедициясында, Торғай МТС-де, Торғай МЖС-де, одан 1960 жылы «Албарбөгет» совхозында, ал 1971 жылдан 1988 жылға дейін Әулиекөлде автобуста істеп, адам тасыдым. Геологиялық экспедицияда істеп жүрген кезімде Құсмұрыннан бастап Есіл өзенінің бойын түгел аралап жүрдім. Бұл жерлерді бір емес, бірнеше рет жүрдім. Өйткені, бұл жерлерден көмір іздедік. Еңбегіміз зая кеткен жоқ, көмірді таптық. Торғай ауданында ЗИС-150 машинасымен жүріп, Әулиекөл мен Аманқарағайдан жүк тасыдық. Ол кезде көтерме жол, асфальт жоқ. Даланың жолымен қысы-жазы бір тоқтамаймыз. Әулиекөлден Науырзым, одан Қызбелдің қырына шығып, 8-ауыл (Шобан), Жаркөл (Албарбөгет), Сужарған, Шұбалаң арқылы Торғай қаласына барамыз. Менің бірінші машинам ЗИС-5 (Захар) болды. Негізгі маршрутымыз – Қостанай – Әулиекөл-Торғай. Жүретін жолдарымыз да әртүрлі. Кейде Әулиекөлден Сұлукөл, Федосеев – Ақшатау – Данабике – Ақсуат – Қарамайшы – Сарышығанақ, одан Қызбелдің қырына Тоңқайма деген жерден шығамыз. Кейде Қарттық өзені арқылы Қараөткелден өтеміз. Жазғытұрым сай-салада су көп, өте алмай көп машина иіріп, өзеннің жағасында 3-4 күн жатамыз. Жүктен бөтен Торғайға баратын адамдар да бізбен бірге барады. Қызбелдің үстіне шыққан соң толып жатқан бұлақтар мен төбелердің жанынан өтеміз. Менің есімде қалғандары: Қыземшек, Диірментау, Қотыр, Қатын қашқан, Бейсен төбе, Алтынсары, Амантай, Меңістамы, Құттыбай бұлағы, Мешіт, Андағұл, Қараша төбе, Бидайық, Қотан құм, Жыланды, Саға. Одан әрі қарай Торғайға бару үшін Шобан (8-ауыл), Жаркөл (5-ауыл), Сужарған (6-ауыл), Шұбалаң (7-ауыл), Партизан, Торғай. Осы маршруттың ұзындығы 950 шақырым, 6-7 күндік жол. Біздер жол азабын көп көрдік. Қыста қарлы жерлерді жағалап жүре береміз. Қары қалың жерлерді күрекпен күреп, машинаның доңғалағына шынжыр байлап шығамыз. Менің ең жауапты, абыройлы жұмысым 1971 жылдан бастап автобуспен адам тасудан басталды. Мұнда да көптеген елді мекендерге барып ел-жер көрдім. Неше түрлі адамдармен таныстым. Мен сол автобуста істеген 17 жыл ішінде Әулиекөл ауданының адамдарын түгелге жақын білдім десем қателесе қоймаспын. Ал, сол кездегі автобуспен жүрген маршруттарым әлі бүгінгідей есімде.
Міне, менің өмірімнің, істеген жұмысымның бар қызық-шыжығы осы. Жол азабы, жол жүру оңай емес. Бұрынғылар адам үйден 40 қадам шықса мүсәпір деген екен. Ал, мен болсам 40 жылдың ішінде 1 млн шақырымдай жол жүрген екенмін. Жұмыстың жеңілі жоқ екенін білемін. «Алыс пен жақынды жорытқан біледі, ащы мен тұщыны татқан біледі» дегендей, өміріме ризамын. Жүрген жолдарым, көрген қиындықтарым менің өмірдегі мектептерім деп ойлаймын, – деп әңгімесін аяқтады ақсақал.
Алдаберген Қасқаұлы соғыста сегіз жыл болып, Отанды қалай сүюді, қастерлеу керек екенін білді. Қазақ «малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деп өте жақсы айтқан. Осындай ой түйген халық қана Отанын шексіз сүйе алады. Ол үшін міндетті түрде қазақ тілін, ұлттық мәдениет, әдетғұрып, салтдәстүрлерімізбен, ділімізді сақтау керек. Жастарда ұлттық намыс болуы керек. Балаларымызға «сен қазақсың» деп күніне бір мәрте айтып отыруымыз керек.
Алдаберген ақсақал жасының ұлғайғанына қарамай жаңа заманның, жаңа өмірдің жаңалықтарын жіті қадағалап, өзінше баға беріп отырады. 95 жасқа келсе де балалары, немерелері мен шөберелеріне қанатымен су сепкен қарлығаштай әрдайым ақыл айтып, жөн сілтеп отырады. Отбасында бақыт пен берекенің ұйытқысы болған Алдаберген Қасқаұлына тынымсыз еңбектеріңіздің жемісін көріп, мерейіңіз өсе берсін, Сіздің ағалық ақыл-кеңесіңіз, аялы алақаныңыз, кең көңіліңіз, дархан пейіліңіз, жарасты әзіліңіз біздің жан-дүниемізді әлі де талай жылдар бойы көркейте беретініне сенімдімін. Ұлағатты ісіңіз, тағылымды ғұмырыңыз әлі жалғасын таба берсін, аға демекпін!
Әкімбек қажы ҚАБДЕНҰЛЫ.
Әулиекөл ауданы.