Екі жылдағы елеулі істер
«Sanaly urpaq-2050» қоғамдық қоры 2019 жылдан бастап облыстық Ішкі саясат басқармасымен тығыз байланыс орнатқан. Қордың мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірде жүзеге асуын бақылау, мәдени-танымдық іс-шараларды ұйымдастыру. Мемлекеттік бағдарлама аясында қор өкілдері осы жылы да жемісті жұмыс істеуге ниетті. Өткен жылдағы жетістіктерін саралап, жаңа жобаларды жарыққа шығармақ. Бұл туралы «Sanaly urpaq-2050» қоғамдық қорының төрағасы Серік Манасбаев газет тілшісіне берген сұхбатында әңгімелеп берді.
– «Sanaly urpaq-2050» жобалық кеңсесінің өткен жылда атқарған жұмыстарына тоқталсаңыз.
– Өткен екі жыл ішінде біз Ішкі саясат басқармасының қолдауымен бірнеше жобаға мұрындық болдық. Біз неге қол жеткіздік? Ең әуелі, мамандарымыз бағдарлама аясында атқарылатын кез келген іс-шараның дұрыс өтуіне жауапты. Әрбір мекеме бізбен кеңесіп, жобаларын тиімді әрі пайдалы етіп өткізуге тырысады. «Sanaly urpaq-2050» қоры консультациялық көмекке дайын. Әсіресе, орта мектептердің белсенділігі жоғары. Бізде қазір методикалық ұсынымдар беретін арнайы бөлім бар, сонымен қатар жыл сайын «Табысты тәжірибелер альбомын» жасап шығарамыз. Бұл журналда «Рухани жаңғыруды» нақты іспен көрсетіп келе жатқан адамдар, олардың жұмыстары туралы жазамыз.
Сонымен қатар 2019 жылдан бері біздің қор түрлі семинар-кездесулер ұйымдастырды. Облыстың киелі нысандарына сапар шегіп келдік. Біз ғана емес, облыстың белсенді жастары қасиетті жерлерді көріп, олардың тарихымен танысты. Бұл жолғы квестімізді Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арнадық. Сондықтан көптеген тапсырмалар Әл-Фарабидің еңбектерімен байланысты болды. Қатысушылар бос уақытын ұлттық ойындарға арнап, сапарды қызықты өткізді. Осындай квест-шаралардың өзі жас буынның бойына патриоттық сезім ұялатуға септігін тигізеді.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасына әр өңірдің меценаттары қатысатыны белгілі. Олар нақты қандай көмек көрсетеді және демеушілерді қалай ынталандырасыздар?
– Осы мақсатта республикалық «Жомарт жүрек» байқауы ұйымдастырылады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен аулыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріне деген сүйіспеншіліктен басталады. Басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек», – деген сөзі еске түсіп отыр. Қазіргі таңда кәсіпкерлер туған жерін дамытуға орасан зор көмегін тигізіп отыр. Қостанай облысының меценаттары ауылдарда инфрақұрылым нысандарын салып беріп жатыр. Мұндай мысалдар жетерлік. Былтыр білікті хирург екі апталық еңбек демалысын пайдаланып, туған жері Рудныйға келген. Осы демалысында ол әріптестеріне шеберлік сабақтарын өткізіп, жас дәрігерлерге тәжірибесімен бөлісті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында халықты, бизнес-құрылым өкілдерін, үкіметтік емес ұйымдарды, волонтерлерді кіші отанын дамытуға ынталандыру және қайырымдылық қызмет, меценаттық идеяларын насихаттау мақсатында 2018 жылы «Жомарт жүрек» жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жоба аясында салтанатты құттықтау рәсімі барлық деңгейде ұйымдастырылды. Аудандық, қалалық деңгейден өткендер облыстық және республикалық кезеңде таныстырылады. Біздің қоғамдық қор облыстық кезеңді ұйымдастыруға атсалысады. Осылайша, жыл сайын «Жыл меценаты», «Туған өлке», «Жыл тұлғасы», «Жылдың үздік ұйымы», «Ерен еріктілік» номинацияларының жеңімпаздарын анықтаймыз. Кез келген адамның туған жеріне деген патриоттық сезімін оятқан құнды жобаның нәтижесін бүгінде ел көріп отыр. Осы жоба аясында туып-өскен ауылында ірі әлеуметтік жобаларды іске асырып, көпбалалы отбасылар мен атаананың қарауынсыз қалған жетім балаларға көмек қолын созып, қайырымдылық жасап жүрген жандар аз емес. Олардың қатары арта беретініне кәміл сенімдімін.
– Серік мырза, Қостанай облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты кешенді шаралар жоспарланған. Олардың жүзеге асуына жергілікті атқарушы билік өкілдері ғана емес, үкіметтік емес ұйымдар да белсенді атсалысып жатыр. Жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
– Жалпы былтырдан бастап үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларды қолға алуына айтарлықтай мүмкіндік беріліп отыр. Бұл елдің ішкі саясатындағы, экономика және әлеуметтік-мәдени саладағы ҮЕҰ-дың маңызының артқанын көрсетеді. Былайша айтқанда, атқарушы органдар мен тұрғындар арасындағы делдал қызметін атқаруда.
Биыл біз «Тәуелсіздік тағылымы», «Шежіре ғұмыр», «Тәуелсіздік тұлғалары» атты ауқымды жобаларды бастадық. «Тәуелсіздік тағылымы» жобасы бойынша жұмыс 2021 жылдың ақпан-желтоқсан айлары аралығында жүргізіледі. Жоба ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналмақ. Оның мәні – ел табиғатын, оның тарихи ескерткіштерін, спорттағы, экономика мен мәдениеттегі жетістіктерін көрсету. Сондай-ақ республикалық және облыстық дәрежеге ие сарапшыларды шақырып, кездесулер ұйымдастырамыз. Облыстың Тәуелсіздік жылдарындағы он жетістігін ұсынбақпыз. «Шежіре ғұмыр» акциясы барысында онлайн-кездесулер, конкурстар, семинарлар, дөңгелек үстелдер сияқты танымдық іс-шаралар топтамасы ұсынылады. Ұйымдастырушылар тәуелсіздік тақырыбына қатысты зияткерлік ойын өткізеді. «Қазақ елі шежіресі» тақырыбына бейнематериалдар байқауы жарияланып, Қостанай облысының құрметті тұлғаларына арналған дөңгелек үстелдер өтеді. Жоба қазірдің өзінде басталып кетті.