Мақсаты биік мәрт ұстаз

Масғұт Жоламанов 1898 жылы Торғай облысындағы Шұбалаң болысына қарасты Бестау-Шилі қоныс орнында туған. Масғұт атадан алты ағайынды: Жоламаннан Садық, Садуақас, Масғұт, Қоғабай, Салық, Ғабдрахман туады. Жоламан орта шаруа, қыс Торғай өзенінен балық аулап, қалаға отындық қамыс-қоға сатып күн көрген. Өзі сауатсыз ол балаларын оқытуды мақсат тұтып, тұңғышы Садиықты өзіне көмекші етеді де, Садуақасты медресеге, Масғұт, Қоғабай, Садуақасты орыс-қазақ мектебіне берген. Мұсылманша оқыған Садуақас Әулиекөл ауданының Тимофей-Аманқарағай елді мекендерінде бала оқытып, имам болған. Кейін Бестау-Шиліге қайта оралып, 1917 жылы Әлмұхамед Оспанов ашқан «Бостандық мектебінде» сабақ берген.
Заманның ағымын түсінген Жоламан, әсіресе, үшінші ұлынан үлкен үміт күтіп, 10 жасында Торғай қаласында 1909 жылы ашылған қазақ-орыс ер балалар училищесіне береді. Кейін бұл төрт сыныптық училище «Иванов мектебі» аталды. Әр сыныпта үш жылдан, балалар сонда мектепте 12 жыл оқиды екен. Осы оқу орнын торғайлық 14 бала бітіріп, халықты сауаттандыру ісіне араласады. Әр жерде, әсіресе халық тығыз орналасқан Жаркөл (Тәуіш), Көкалат, Тосын және Бестау-Шиліде бастауыш мектептер ашыла бастайды. Оларда әр жетінің үш күнінде қазақ тілінде Ахмет Байтұрсыновтың әліпбиі, есеп, орысша үйрету сабақтары өткізіледі. Бұл сауатты топтың бала оқыту ісі 1920 жылға дейін жалғасты.
1918 жылдары сауатсыз бір топ торғайлық ауқатты кісілер «алакол оқытады, балалардың қарым-қабілетіне қарамай, ақша, мал бергендердің балалары сыныптан-сыныпқа көшіп, оқу бітіруде» деген мазмұнда Н.Г. Ивановтың үстіненн шағым түсіреді. Н.Г. Иванов бұл шағымға іспен жауап беру үшін әрі шәкірттерінің білім дәрежесін сынау мақсатында оқу бітірген (толық 4 курсты) 10 оқушысын Орынбор гимназиясына апарып бір ай оқытып, сынақ тапсыртады.
Сол 10 оқушының арасында Масғұт Жоламанов та бар еді. Гимназия директоры педагогикалық кеңес отырысында баяндама жасап, «бұл шәкірттердің сауаты біздің гимназия мұғалімдерінен жоғары екен әрі әр қайсысы 4-5 пәннен сабақ бере алатындықтарын көрсетті. Енді бізде «Педагог қандай болуы керек?» деген машықтанудан өтсін, сосын біз оларға «Орынбор педагогикалық гимназиясын бітірді» деген диплом береміз», – депті. Сөйтіп, гимназия есебінен бәріне жаңа форма беріліп, 10 бала Иванов пен гимназия директорын ортаға алып суретке түседі.
– Бұл суретті Қайнекей Жармағанбетов 1960 жылы Орынборға барғанда архивтен тауып, 10 данасын алып келді. Мен оларды суреттегі адамдардың ұрпақтарына үлестіріп бердім, – дейді Масғұт Жоламановтың немере туысы Жұмахан Садуақасов.
Масғұт Жоламанов 1921 жылға дейін мұғалімдік қызмет атқарады. 1921 жылы Шұбалаң болысынан бөлініп Тосын болысы құрылғанда болыс сайланады. 1922 жылы Жалғызтау баурындағы (Торғай уезі, Бестау-Шилі аулының қасындағы) бұлақ көзі бар жерден 8 бөлмелі болыс үйі салынып, оның үлкен екі бөлмесінде балалар оқытыла бастайды.
1926 жылы Кеңес үкіметі толық орнап, болыстық басқару жойылған тұста Масғұт Жоламанов Торғайға келіп, мұғалімдік қызметін жалғай түседі. 1927 жылы оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып, аудандық жетім балалар коммунасын ашады. Жаз айларында балалар мен мұғалімдерді, басқа да шаруа адамдарын ұйымдастырып Шилі өзені бойындағы Ақтөбе етегінде 500 гектар жерге бидай, тары егеді. Сөйтіп коммунадағы балаларды аштықтан аман алып қалады. 1935 жылдың қарашасында Украина астанасы Киевте С.М. Кировты жиналыс үстінде атып өлтірген оқиғаға байланысты Торғайда 5 жауапты қызметкерді түрмеге жабады. Солардың бірі Масғұт Жоламанов еді. Орысша сауатты ол И.Сталиннің атына істеген қызметі халықты сауаттандыру, бала оқыту екенін, Торғай халқы Украинаны, Киев қаласының қайда екенін де білмейтінін айтып «алдағы уақытта прокуратура, милиция органдары еш жазықсыз, негізсіз айыптауларын тоқтатса екен» деген тілегін де қосады. Екі айдан кейін Сталиннің өзі қол қойған арызға жауап-бұйрық келіп, соның негізінде Масғұт түрмеден босатылады.
Ыбырай ізбасарлары жайында әңгіме бола қалса, Масғұт есімі аталмай қалмайды.
ҚСРО халыққа білім беру ісінің үздігі, Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Ыбырай Алтынсарин атындағы Торғай қазақ орта мектебі мен Н.Г. Иванов атындағы Торғай орыс мектебінде ұзақ жыл директор болған Еркін Әлмағанбетов: «Николай Гаврилович өзінің қазақ әріптестері Қаражан Топаев, Әбдіғали Балғынбаев, Ғалымжан Бектемісов, Шабден Сомтеміров, Ілияс Бәйменов, Масғұт Жоламанов, Мұқан Өмірзақов, Жақсыбай Нұрғалиевтерге сенім арта білген», – деп, Н.Г.Ивановтың да Ыбырай Алтынсарин шәкірттерінің бірі екенін айтса, ҚР халық ағарту ісінің үздігі Балғабай Шәкіров: «Торғай халқының құрметіне бөленген қарт оқытушылардың есімін мақтанышпен айтуға болады. Олар: Топаев Қаражан, Жармұхамедов Әбдісалық, Болғанбаев Ахмет, Сомтеміров Шабден, Бектемісов Ғалымжан, Жоламанов Масғұт, Өмірзақов Мұқат, Нұрғалиев Жақсыбай, Қожантаев Сағи, Қожин Төлебай, Сейілов Әуезхан және басқалар еді», – дейді. Бұл аты аталған ұстаздар да Ыбырай ізбасарлары.
Масғұт Жоламанов 1936 жылы Алматыға мектепті жақсы бітірген 10 баланы оқуға алып барады. Солардың ішінде кейін лауазымды қызметтер атқарған, ақын, жазушы, ғалым Қайнекей Жармағанбетов те бар еді. Ол кезде Масғұт аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болатын. Сол жылы оқу бөлімінің меңгерушілігін Мұқан Өмірзақовқа тапсырып, өзі мектептерде сабақ баретін (школьный инспектор) жұмысқа ауысады.
1937 жылдың қазанында қасында екі милициясы бар прокурор, милиция бастығы түнгі сағат он екіде келіп, үйін тінтіп, бағалы заттары мен киімдерін өздері алып, Масғұтты тағы да түрмеге қамайды. Сонда олар: «Сен милиция мен прокурорды жөнге сал дейтін кімсің?», дегенде, Масғұттың есіне Сталинге жазған арызы түседі, ол содан қайтып оралмайды, тек 1965 жылы ғана ақталды. М. Жоламановтың ағартушылық жолын немере інісі Ғарыпжан Ғабдрахманов жалғастырды (алты ұлдың бірі – Ғабдрахманның баласы). Ғарыпжан (1932 жылы туған), 1954 жылы Алматының Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын бітірді. Аудан мектептерінде қатардағы мұғалім (1954-1960), аудандық оқу бөлімінде инспектор (1960-1970), өзі оқыған Ы.Алтынсарин атындағы Торғай орта мектебінде директор (1970) қызметтерін атқарды. «Халық ағарту ісінің озық қызметкері».
Серікбай Оспанұлы,
ақын, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓